Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы 3 жылдың ішінде, яғни 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% –нан 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңмен өседі деп жоспарлануда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, жыл сайын базалық зейнетақының орташа мөлшерінің өсуі шамамен 13%-ды құрамақ. Мұндай қолдау 2 млн қазақстандық зейнеткерге қатысты болады.

– Қазіргі таңда облысымызда 113 мың зейнеткер бар. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау мәселелеріне қатысты 11 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, дәл қазір зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 122118 теңгені құрайды, оның ішінде базалық бөлігі-38409 теңге, ортақ бөлігі-83709 теңге. Осы жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша облысымызда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар 20334 адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша  әлеуметтік төлем алатын 8294 адамның бар екені белгілі болды. Сонымен қатар, аймақтағы 9935 көпбалалы отбасы мен 5337 марапатталған ана мемлекеттік жәрдемақы алады, – деп атап өтті Алмагүл Мұхамедова. Ол сондай-ақ, келесі жылы зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға артатынын да мәлімдеді.

– Бұл ретте, зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері облыс бойынша 122 188 теңгеден 134 405 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық мөлшері 38 409 теңгеден 43 261 теңгеге дейін, ал ортақ мөлшері 83 709 теңгеден 91 144 теңгеге дейін ұлғаяды, – деп түсіндірді Алмагүл Мұхамедова. Департамент басшысының айтуынша, ҚР-ның «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік төлемдердің көрсеткіштері де өзгеретін болады. Атап айтар болсақ, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3692 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43407 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 57853 теңге, ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері – 28215 теңге болып белгіленген.

Нұржайна ШОДЫР.