Павлодар қаласында «Үздік аулалар» акциясының жеңімпаздары марапатталды. Осындай үздіктер қатарына енген Қамзин көшесі, 72-үйдің ауласы
кішігірім думанға айналды.

Мұндай атаққа лайықты болу үшін аталмыш үйдің тұрғындары белсенділік танытқан. Түрлі бастамаларымен айналасындағыларды игі іске тартып жүрген тұрғындардың бірі – Тамара Перницкая. Ол бірнеше жыл бұрын ауылдан қалаға қоныс аударған. Сондықтан төрт қабырғаға қамалып отыруды құп көрмейді, үйдің айналасын гүлдендіруді қолға алған. Тіпті, көпқабатты үйдің ауласына алты орындық орнатылған. Бүгінде зейнеткерлер осында тынығып, көршілерімен шүйіркелесіп, аралас-құралас боп жатқан жайы бар. Үйдің артындағы аялдамаға да орындық пен қоқыс жәшігінің орнатылуына осы тұрғындар белсенділік танытқан көрінеді. Бұған дейін аталмыш аулада бейберекет өскен ағаштар айналаның сәнін кетіріп тұрған. Белсенді азамат аулаластарын шақырып, сенбілік ұйымдастырып, ретке келтіріпті. Т.Пернцикая пәтерінде гүлдерді өсіріп, көктем шыға аулаға егеді. Осылайша, ауласы ажарланып шыға келеді. Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Елена Яровенко қоғамдық істе белсенділік танытып жүрген тұрғындарға алғыс айтты. Қалалық ардагерлер кеңесі төра-ғасының орынбасары Марина Фесикованың айтуынша, биыл облыс орталығының 8 шағын ауданы қатысқан. Бұл шағын аудандарда 60 мыңдай зейнеткер тұрады. Жаз бойы кеңес мүшелері аталмыш аудандардағы аулаларды аралап отырған. Яғни, абаттандыру, еккен гүлзарларына жасап жатқан күтімдерін бақылаған. Күзде тағы барып, істерін соңына дейін жеткізгендер арасынан үздіктерін анықтапты. Осылайша, қаланың 12 ауласы үздіктер қатарынан көрінген. Мәселен, Павлов көшесі, 2, Павлов көшесі 5, Академик Сәтбаев көшесі, 336 және тағы басқалары үздік атануға барын салған. Ардагерлер мұндай еңбекпен келген әсемдік өскелең ұрпаққа үлкен тәрбие екенін атап өтті. Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Сәрсенбаева абаттандыру және тазалық марафонына қатысып, белсенділік көрсеткен тұрғындарға алғысын білдірді.

— Осы ретте ардагерлер кеңесіне, нақтысы, төрағасы Кенже Сәдуақасұлы Кеңесбаевқа игі бастамалары үшін алғыс білдіреміз. Біз әрдайым аға буыннан үлгі алып, бастамаларын қолдап отыруымыз қажет. Қаламызда осындай таза, әсем, жан-жақты күтім көрген аулалар қатары жыл санап арта берсін, — деді Айнагүл Сәрсенбаева. Мемлекеттік орган өкілі бұл бастама келесі жылы да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Г.МАҒЖАН.