Ауылдағы ағайын мен қала жұртшылығын жылдар бойы мазалайтын мәселелердің дені қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Жолдар мен жылу желілерін жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, мектеп, ауруханалардың құрал-жабдықтарын жаңарту сынды ауқымды істер қомақты қаражатты қажет етеді. Бұрнағы күні облыстық мәслихат депутаттары алдағы үш жылдың ішінде аймақ қазынасына түсетін кірісті бірінші кезекте қандай бағыттарға жұмсау керек екенін бекітті. Бұл ретте әкімдердің, депутаттардың жұртшылықпен жүздесуі барысында көтерілген түйткілдерді тарқатуға баса мән берілді.

Облыстық мәслихаттың VII кезекті сессиясында 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет қаралды. Жиынға қатысқан аймақ басшысы Асайын Байханов үшжылдық бюджеттің басым тұстарына тоқталды. Басты қаржылық құжат облыс жұртшылығының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Айталық, келесі жылдан бастап өңірдегі 29 мың бюджеттік қызметкердің жалақысы орта есеппен 20 пайызға өседі. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Сол сияқты биыл қыркүйекте балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көтерілді. Келесі жылы да осы өсімді сақтап қалу үшін бюджеттен 1 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Облыстағы барлық мектепте білім алатын бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен тегін қамту, үш қаладағы шәкірттердің қоғамдық көлікпен тегін қатынауы, «АртСпорт» бағдарламасы аясында спорттық және шығармашылық үйірмелерге ақысыз қатысуы сынды игі істер алдағы жылы да жалғасын табады.

– Үшжылдық бюджетті белгілеу барысында бірінші кезекте тұрғындармен кездесуде, жеке қабылдауда көтерілген мәселелер қамтылды. Оның негізгі бағыттары адамға, яғни өңір азаматтарының жағдайын жақсартуға бағытталғанын атап өту керек. Мәселен, таяуда полиция қызметкерлеріне 215 қызметтік көліктің кілті табысталып, олардың дені шалғай ауылдарға жол тартты. Келесі жылы алыстағы елді мекендердің игілігі үшін 39 санитарлық көлік сатып алынады. Спорттық мектептерге 7 шағын автобус алмақ ойымыз бар. Осы орайда балалардың қауіпсіздігін сақтауға баса көңіл бөліп отырмыз. Мектептер мен балабақшаларға қосымша турникеттер, бейнебақылау камералары қойылады, – деді А.Байханов. Аймақ басшысы ауылдарды аралау барысында жол жағдайын жақсартуға қатысты талап-тілектердің де жиі түсетінін атап өтті. Аталған мәселелер де ескеріліп, алдағы үш жылдың ішінде 114 ауылға кіреберіс жол толығымен жаңарып, жөнделмек. Оның ішінде 34 елді мекенге келесі жылдан-ақ тақтайдай тегіс жолмен жету мүмкіндігі туса, қалған ауылдардағы жұмыстары – 2025-2026 жылдардың еншісінде. Сонымен қатар, келесі жылғы жаңа бастамалардың қатарында Екібастұз қаласындағы «Шахтер» саябағын қайта жаңғырту, осы шаһардағы №17 мектептегі бассейнді күрделі жөндеу, Баянауыл ауданындағы Ақши ауылында мәдениет үйін салу, елді мекендерде лимандарды қайта құру және тағы басқалары бар.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында блоктық бюджетке көшу туралы айтқан болатын. Соған сәйкес, үш қала мен 117 ауылда блоктық бюджет аясында 208 жоба жүзеге аспақ. Оған 7,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл ретте депутаттар да аталған жобалардың ойдағыдай орындалуын, қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға алса игі, – деп түйіндеді облыс әкімі. Өз кезегінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук басты қаржылық құжатта қамтылған негізгі мәселелерді тарқатып берді. Айтуынша, келесі жылы облыстың қазынасы шамамен 450 млрд 200 млн теңгені құрайды. Оның 285 млрд теңгесі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталмақ. Айталық, «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі оқу орнының құрылысын жалғастырып, үш жаңа оқу ғимаратын салуға 9 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ, 29 мектеп пен үш балабақшаны жөндеуге шамамен 6 млрд теңге бөлінеді. Ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартып, олардың жайлы жағдайда ем-дом алуы үшін 18 мекеме күрделі жөндеуден өтпек. Балалардың спорт және шығармашылық үйірмелеріне тегін қатысуы үшін қазынадан 3,8 млрд теңге қарастырылады.

– Жол жөндеуге қатысты жалпы сомасы 24,6 млрд теңге болатын 142 жоба қолға алынбақ. Соның нәтижесінде барлығы 500 шақырымнан астам жол жөнделеді. Инфрақұрылымдық желілерді қайта жаңғыртуға 14 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл сомаға 15 жоба іске асады. Олардың қатарында облыс орталығындағы 12 шақырым су және 7 шақырым кәріз желілері жаңартылады. Нәтижесінде су құбырларының тозуы 1,4 пайызға азайып, кәріз желілерінің шамамен бір пайызы ауыстырылады. Екібастұз қаласында жылу, жарық желілерін жаңғыртып, аумақтарды абаттандыруға 7 млрд теңге бағытталады, – деді И.Назарчук. Жалпы, облыстық бюджет есебінен аудан-қалаларға 70 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл биылғымен салыстырғанда 13 млрд теңгеге көп. Сонымен қатар, облыстық мәслихат сессиясы барысында тұрақты комиссиялардың жұмысы қорытындыланып, алдағы уақытқа міндет-межелер белгіленді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Суреттерді түсірген – Константин Музалевский.