Финляндия және Латвия жерінде өткен әлем чемпионаты аяқталды. Чемпион – Канада. Үйеңкі жапырағы елі 28 рет жеңімпаз атанып, тарихқа өзгерту енгізді. Бұған дейін Ресей 27 рет (оның 22-і КСРО кезінде) чемпион болып, қос ұлттық құрама бір қатарда тұрған еді. Жә, біздің әңгімеміз Қазақстан құрамасы жайлы. Биылғы чемпионатқа легионерсіз барған отандастарымыз өзімізде де мықтыларды тәрбиелеуге болатынын ұқтырды.

Өскемен мектебі һәм өзіміздің өрендер

Қазақстан хоккейі туралы сөз қозғалғанда Өскемен мектебі ойға оралатыны рас. Жалпы, қазақ хоккейінің дамуы өткен ғасырдың 50-ші жылдардың ортасында басталған. Алғашқылардың бірі болып Өскеменмен қатар, Алматы, Петропавл, Орал қалаларында командалар құрыла бастады. Алғашқы ресми ойын 1956 жылдың қаңтарында өткізілген. Қазақ хоккейінің дамуына 1957 жылы Алматыда ҚазССР арасында ұйымдастырылған алғашқы хоккей чемпионаты үлкен ықпал еткен. Бұл жарыста 6 команда өнер көрсеткен. Атап айтқанда: «СКИФ», «Кайрат», «Динамо», «Спартак» (барлығы — Алматы), «Торпедо» (Өскемен) және «Локомотив» (Петропавл). Алғашқы чемпион –

«СКИФ» командасы. Келесі чемпионаттардың барлығында (тіпті 1964 жылға дейін) Өскемен қаласының «Торпедо» құрамасы топ жарған болатын. Бұл команда республика атынан КСРО-да өткізілген чемпионаттарда өнер көрсетіп, қазақтың атын бүкіл Кеңес Одағына танытып жүрді. Қазіргі уақытта да Өскемен мектебінің өзіндік өрнегі қалыптасып, мықты ойыншыларды қатарға қосуда. Тіпті, ел чемпионатына екі бірдей команданы қосатын деңгейге жетті.

Тарихқа тағы бір шегінсек, бірте-бірте хоккей ойыны қазақ жерінің бүкіл аумағына таралды. 1958 жылы Гурьевте, 1959 жылы Ақмолада хоккей командалары құрылған. Келесі жылдары хоккей Ақтөбе, Павлодар, Балқаш, Қарағанды, Көкшетау, Теміртау, Семей, Орал қалаларында қарқынды дами бастады. Хоккей ойыны 1962 жылы ҚазССР-дың 2-ші қысқы спартакиадасында халыққа ұсынылып, көп ұзамай көрермендердің сүйікті спорт түріне айналған. Сол жылы ҚазССР құрамасы Свердловск қаласында өткізілген 1-ші қысқы КСРО халық спартакиадасында жақсы ойын көрсетіп, 5-ші орынды иеленді.

Хоккейдің хас шеберлері

Павлодар хоккейінің де өзіндік тарихы бар. Ел біріншілігінде облыс намысын қорғап жүрген «Еrtis» клубы соңғы жылдарда ғана сүреңсіз өнер көрсетіп жүр демесеңіз, бұған дейін әрдайым жүлдегелер қатарынан табылатын.

Тарихқа көз жүгіртсек, «Еrtis» командасы — 3 дүркін (2012/2013, 2013/2014 және 2014/2015 ж) ел чемпионатының жеңімпазы. 2014 жылғы ел кубогінің иегері. Қатарынан үш жыл қарсылас шақ келтірмеген ұжымның қазіргі жағдайы мүлдем басқа. Жүлде жайлы сөз қозғау қиын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық және балалар спортын дамытуға көп көңіл бөлінгені белгілі. Бұл ретте, жалғыз «Еrtis» командасы ғана емес, көптеген кәсіби клубтардың бюджеті қысқарды. Салдарынан өткен маусымның соңына қарай қаржылық қиындықтардың салдарынан павлодарлық ұжыммен көптеген ойыншылар қош айтысты. Қомақты жалақы алып келген лигонерлер өзге бай командалардың есігін сығалап кетті. Қуантарлығы, кейбір павлодарлық ойыншылар жалақы мөлшері маңызды емес екенін айтып, туған қаласының намысын қорғауға келісті. Олардың қатарында Данияр Білімбаев, Рүстем Айдаш, Дидар Түспеков, Диас Атаханов, Азиз Сейтанов, Бертан Демирделен сияқты қазақ жігіттері болды. Қазақ жастарын жеке бөліп тізбелеп жатқанымыз тегін емес. Жасыратыны жоқ, хоккейдің басы-қасында жүрген кейбір мамандардың арасында қазақ жігіттері хоккей ойнай алмайды деген пікір қалыптасқан. Көптеген жанкүйерлер де миығынан күлетіні бар. Жоғарыда есімдері аталған ойыншылар бұл жағымсыз пікірді жоққа шығарады деген сенімдеміз. Алысқа бармай-ақ, жақында аяқталған әлем чемпионатына Қазақстан құрама сапында көптеген қазақ ойыншылары өнер көрсеткенін атап өткен жөн.

Жергілікті жас ойыншыларға сенім артқан павлодарлық ұжымның болашағы зор. Әзірге тәжі-рибе жинақтауды мақсат еткен жерлестеріміз алдағы уақытта үздік үштікке де таласады деген сенім мол. Иә, қазіргідей құраммен чемпиондық былай тұрсын, үздік алтылыққа іліну мүмкін емес. Оны клуб басшылығы да жасырмайды. Кеше ғана жасөспірімдер арасындағы турнирлерде өнер көрсетіп жүрген жігіттер мықтылар топтасқан жоғары лигаға топ ете түсті. Хоккей нағыз еркектердің ойыны екені белгілі. Бұл жерде жас екен деп ешкім басыңнан сипамайды. Алып денелі тәжірибелі қарсыласыңмен иық теңестіріп көр. Қысқасы, қазір павлодарлық жас хоккейшілерді бір жағынан үрей буса, екінші жағынан сенімді ақтау миссиясы тұр. Жауапкершілік жүгі ауыр. Жас екенбіз деп ұпай тарата беру де абырой емес. Жалындаған жастар аз уақыттың ішінде тәжірибе жинақтап, оң нәтиже көрсетеді деген үміттеміз.

Балалардың ынтасы зор

Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Олег Кольевтің айтуынша, шайбалы хоккеймен айналысу қанша жерден қымбат десек те жыл сайын көптеген бала хоккей үйірмелеріне қатысуға ниет білдіруде.

— Баласын шайбалы хоккей үйірмесіне берген ата-аналарға салмақ түсетіні рас. Себебі, қажетті киімдер мен құрылғылардың бағасын есептегенде 200-250 мың теңгеден асып жығылады. Біз жыл сайын бюджетті нақтылаған уақытта балалар-жасөспірімдер мектебіндегі хоккей топтарына форма сатып алу керек екенін жиі көрсетеміз. Бірақ, ұсынысымыз әрдайым қолдау таба бермейді. Сол себепті, көбіне ата-аналар қажетті заттарды өздері сатып алады. Жалпы, Павлодарда хоккей спортын сүйетіндер көп. Облыс орталығынан бөлек, Екібастұз, Ақсу қалаларында, Тереңкөл ауданында әуесқой хоккей командалары бар, — дейді ол.

Бапкерлер жоқтың қасы

Павлодар шайбалы хоккейінің ардагері Николай Болдырев бұрынғы мен бүгінгі ахуалды салыстырып, өз ойын ортаға салды.

— Аймағымыздағы алғашқы кәсіби хоккей командасы «Ертіс» деп аталып, 1970-1971 жылғы маусымда КСРО чемпионатының «Б» дивизионында өнер көрсетті. Сол жылдары аталған спорттың дамуына Анатолий Головин, Борис Синицин, Виктор Белый сияқты дарындылар зор үлес қосты. Олар кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, кейін балалар спортын дамытуға еңбектенді. Бұрындары жігіттер өздері мұз құйып, спортқа деген ынтасы жоғары болатын. Көпшіліктің жиналатын жері қазіргі сапаржай аумағында базарға айналған хоккей корты еді. Қазір хоккеймен айналысам деген адамға барлық жағдай жасалған. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Десе де, әлі де мәселе шаш-етектен. Мәселен, өңірімізде мықты жаттықтырушылар жоқтың қасы. Үйірмеге келетін балаларға тегін спорт формалары қарастырылмаған. Оны сатып алуға кез келген ата-ананың жағдайы жетпейді. Сөйтіп, баланың бағын байлаймыз.

«Еrtis» командасы легионерлермен қош айтысып, жергілікті жастарға зор мүмкіндік туды. Біріншілікте ұпай таратып жүрсек те, жастар тәжірибе жинақтауда. Жеңісті күндер алда. Бұл ретте, облыс әкімдігінің, спортқа жауапты басшылардың ұстанған саясатын қолдаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасы жүйелі іске асып, балалар спортына баса мән берілуі керек, — дейді Николай Болдырев.

Қорыта айтсақ, Павлодар хоккейінің тарихы тереңде. Қаржылық қиындықтар алдан шықса да, клубтың тағдыры үзілмей, еңсе тіктейді деген сенімдеміз. Ел чемпионатының кездесулері өтетін уақытта мұз сарайына ағылған жанкүйерлердің қарасы қалың. Бұл — Павлодарда хоккейді құрметтейді деген сөз. Қазір ішкі біріншілікте Астана, Өскемен және Қарағанды қалаларынан бір емес, екі бірдей команда бақ сынауда. «Ertis» мықтылығын дәлелдеуі тиіс. Аяққа тік тұрып, жоғары нәтижелер көрсетсе, кәсіпорындар демеуші болуға өздері-ақ асығады деген сенімдеміз.

Оралхан ҚОЖАНОВ.