Екібастұз қаласында тарихта алғаш рет жылу-электр станциясы мен жылу желілері ауқымды жаңғыртудан өтті. Былтырғы апаттың салдарын жойып, қаланы алдағы жылыту маусымына дайындау мақсатында қолға алынған іргелі істер аяқталуға таяу. Оның барысын, жалпы өңірдің қысқы кезеңге әзірлігін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр арнайы келіп тексерді.

Өткен жылы жылыту маусымы басталғанына екі ай өтер-өтпесте қаладағы жылу желілері жарылып, жылу-электр станциясындағы қазандықтар істен шығып, 100-ден астам көпқабатты баспана мен жеке сектор үйлері әп-сәтте жылусыз қалған-ды. Қыстың қақаған суығында дірдектеп қалған жұрттың мәселесін шешуге бүкіл ел жұмылды. Еріктілер жылытқыш құралдарын жинап, билік қолдан келгенше төтенше жағдайдың салдарын жоюға кірісті. Сол уақыттан бері кеншілер шаһарында бір уақытқа да тыным жоқ. Ерте көктемде басталған жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде жұмыстың дені аяқталды. Оның қалай атқарылғанын ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар облысына жұмыс сапары барысында байқады. Екібастұздық жылу-электр стан-циясындағы жөндеу жұмыстарына 400-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Олар белгіленген істі кестеге сәйкес жүргізіп жатыр. Қыркүйек айының соңына қарай, яғни жылу беру маусымының басталуына дейін станциядағы 10 қазандықтың алтауы (3 су жылыту және 3 энергетикалық қазандық) пайдалануға толық дайын болады. Қалған 4 қазандықтың жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 22 қыркүйекке қарай 4 жылу магистраліндегі жөндеу жұмыстары аяқталады. Жалпы, 65 шақырымнан астам жылу желілері жаңартылды.

— Жылыту маусымын жөндеуден өткен құрал-жабдықтармен бастаймыз. Бұл ретте жаңғырту жұмыстарының өте ауқымды түрде жүргізілгенін атап өту керек. Қазандықтардың жылыту беттері ауыстырылды және тұтастай алғанда станцияның барлық жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізілді. Қысқа мерзімде қосалқы жабдық жаңартылып, жылу тізбегі бойынша станция ғимараттарының қабырғалары мен шатырын жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Екібастұз жөндеу науқанының тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған, – деді «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемел. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Павлодарэнерго» АҚ басшылығына кеншілер қаласындағы жөндеу жұмыстарына атсалысып жатқан жұмысшыларды лайықты деңгейде ынталандыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, өтеу бойынша тарифте жылу-электр орталығы қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетті түрде ескерілуі тиіс екенін де айтты. Сонымен қатар, Роман Скляр облыс орталығындағы жылу орталықтарының қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Аймақта барлығы 40 энергия көзі қондырғысын жөндеу жоспарланған. Бүгінде оның 18 нысанында жұмыстар аяқталды. Қалған жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Барлық жылу-электр станциялары отын қорымен толық көлемде қамтамасыз етілген.

— Инвестициялық бағдарлама 2029 жылға дейін есептелген. Сондықтан бізге мүмкіндіктерді толық пайдалану, негізгі құралдарды жаңарту, тозу деңгейін азайту, жылумен жабдықтау сенімділігін арттыру қажет, — деді Роман Скляр. Алдағы жылу беру маусымының үздіксіз әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында инженерлік инфра-құрылым, әлеуметтік сала және тұрғын үй қоры нысандарының жылуды қабылдауға дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілді.

— Өңірдегі әлеуметтік нысандардарды барлығы, тұрғын үй қорының 98 пайызы алдағы жылыту маусымына дайын. Облыстың үш қаласындағы гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақаулар толығымен жойылды. Екібастұзда 4 магистральдік жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту аяқталып келеді. Сырттағы ауа температурасын ескере отырып, жылу беру маусымын 30 қыркүйек — 1 қазанда бастауды жоспарлап отырмыз, — деді облыс әкімі Асайын Байханов. Жалпы, облыстағы барлық жылу көздерінде жылу беру маусымына ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, 415 мың тоннадан астам көмір мен 4 мың тонна мазут дайындалды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.