Соңғы жылдары Успен ауданында жеке ісін бастап, кәсібін кеңейт-кен азаматтардың қатары айтарлықтай артты. Мұндағы кәсіпкерлер ауданның, кейін аймақтың экономикасын арттыруға өз үлесін қосуға ниетті. Оларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау да көрсетілуде. Айталық, грант алған жергілікті бизнес өкілі жоғары сұранысқа ие сапалы аяқ киімдер тігуді қолға алды.

Успен ауданында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп, қайта түрленген елді мекендердің қатары көбейіп келеді. Сол арқылы биыл бірқатар әлеуметтік нысан толығымен жөнделіп, орталықтандырылған су құбырлары тартылды. Ендігі ретте ауылдарға кіреберіс жолдарды жақсарту бойынша жұмыстар қолға алынбақ. Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Успен ауданына барып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Алдымен облыс әкімі Қозыкеткен ауылына ат басын бұрып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін тексерді. Аталмыш елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйі мен мектеп жаңарды. Ауылдық мәдениет үйі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыры, қасбеті, жылу, электр және сумен жабдықтау, кәріз және желдету жүйелері жаңартылды, терезелері мен есіктері ауыстырылды. Биыл ауыл мектебі де айтарлықтай өзгерді. Білім ордасының шатыры ауыстырылып, электр және жылумен жабдықтау жүйелері жаңартылып, жаңа спорт алаңдары жабдықталды.  Сондай-ақ, аймақ басшысы Богатырь ауылындағы жаңадан салынған орталықтандырылған су құбырының жұмысын тексерді. Сумен жабдықтау желісінің жалпы ұзындығы — 7,3 шақырым. Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша келесі жылы 72 млн теңгеге ауыл ішіндегі, елді мекенге кіреберіс 2,2 шақырым жолды асфальттау жоспарланып отыр. Осы орайда облыс әкімі аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Қазір тек ауданның 14 ауылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

— Қызылағаш және Богатырь ауылдарында су құбырларының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сол сияқты Қаратай және Вознесенкада таяу арада орталық желілер пайдалануға беріледі. Дмитриевка, Надаровка, Чистополь, Ольховка, Травянка ауылдарында кешенді блок-модульдерді орнату мәселесі пысықталуда. Осы жобалар іске асырылатын болса, сумен жабдықтау көрсеткіші 97 пайызға дейін жетеді, — деді облыс әкімі. Сапар барысында Асайын Байханов 100 жылдық мерейтойын атап өткен Лозовое ауылының тұрғыны Қорлығайым Ахтамберованың үйіне барып, мерейтой иесін құттықтады. Кейуана Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек етіп, астық жинап, майданға жылы киім-кешектер тіккен. Бейбіт кезеңде тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысып, 9 баланы дүниеге әкелген. Одан кейін аймақ басшысы Ковалевка ауылындағы 515 басқа арналған жаңа үлгідегі роботтандырылған тауарлы сүт фермасының құрылыс барысымен танысты. «Саптама етік» деп аталатын аяқ киім тігу цехына, аудан орталығындағы жаңа қасапханаға барып, олардың жұмыс барысын байқады. Жалпы, осы жылдың 9 айы ішінде ауданға барлығы 5,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік салада 4 инвестициялық жоба жүзеге асты. Келесі жылы мектептерді, мәдениет үйлерін күрделі жөндеу, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, облыстық маңызы бар автокөлік жолын және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.