Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс орталығында жолаушыларды тасымалдайтын №3 бағыттағы шағын автобус бұған дейін адамға лық толы болып, тұрғындардың қатынауында қиындықтар мен қолайсыздықтар тудыратын еді. Енді көпшілік діттеген жеріне жаңа әрі жайлы қоғамдық көлікпен жете алады. Алдағы уақытта қаланың бірнеше шағын ауданын, әсіресе емдеу орындарын өзара байланыстыратын №003 бағыттағы автобустар да жаңартылмақ.

 

Павлодар қаласындағы №3 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсететін «Таксомотр» ЖШС автобус паркі жаңа көліктермен толықты. Кәсіпорын «Isuzu SAZ LЕ 60» маркалы 12 автобус сатып алды. Мұнда 25 орындық бар. Ал автобустың жалпы сыйымдылығы – 56 адам.

– Автобус желдеткіш жүйесімен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандус, бейнебақылау камералары және USB порттармен жабдықталған. Олардың жолға шығуы нәтижесінде енді қозғалыс аралығы 7-8 минутты құрайтын болады. Біз жолаушылар мен жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін сапалы қызмет атқаруға тырысамыз, – дейді кәсіпорын директоры Дмитрий Самчук.

Аталған жаңа автобустар аймақ басшысы Асайын Байхановқа таныстырылды. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, бұған дейін №3 бағыттағы автобус жолаушылар тарапынан жиі шағым түсетін бағыттардың бірі болатын. Сондықтан бірінші кезекте дәл осы бағытпен қатынайтын көліктер жаңартылды. Бұған дейін автобустар аралығындағы интервал 12-15 минут болса, енді бұл уақыт 5-7 минутқа дейін қысқарады.

– Мен қала әкімі болған тұста қоғамдық көлікті жаңарту процесін қолға алған едік. Биыл субсидиялардың орнына ескі және шағын газельдер жұмыс істейтін №115, 126, 003 және 3 бағытындағы көліктерді жаңартуды тапсырдым. Бүгінгі таңда үш бағыт бойынша жаңа заманауи жайлы автобустар қызмет көрсетуде. Қазан айының соңына дейін бұл процесті толықтай аяқтаймыз. Бұл ретте жолаушылар тасымалымен айналысатын барлық кәсіпорынға қойылар ортақ талап – тұрғындарға қолайлы жағдай жасай отырып, қозғалыс аралығын қысқарту, – деді аймақ басшысы.

Қыркүйек айында аталмыш кәсіпорын №003 бағытына арналған тағы 12 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Жалпы, облыс орталығында 150 қоғамдық көлік жаңартылған болатын.

Сонымен қатар, Асайын Байханов Есенәлиев көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі Ак.Сәтбаев бойындағы d 500 мм шаруашылық су құбырын реконструкциялау жұмыстарын тексерді. Аталмыш инженерлік желі 53 көпқабатты және 102 жеке тұрғын үйді сумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда жаңа құбырдың 98 метрі төселді. Қалған бөлігін қыркүйек айының соңына дейін салу көзделіп отыр. Сол сияқты Минин, Малайсары батыр, Бекмаханов көшелерінде ауқымды жұмыстар жоспарланған. Мұнда жерді қазбай, санация әдісімен d 500-1000 мм өздігінен ағатын 4 км коллекторды қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл – кәріз желісін жаңартудың ең үнемді және тиімді әдісі. Жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал Академик Шөкин мен Қамзин көшелерінің қиылысында ЖМ-13 жылу магистралі салынып жатыр. Осыған дейін 2,5 шақырымдық желінің 250 метрі салынды.

Асайын Байханов облыс орталығын аралау кезінде абаттандыру жұмыстарының барысын да байқады. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, биыл барлығы 80 балалар ойын алаңы орнатылады. Бүгінде 40 алаңның негізі құйылып, 12-сінде элементтер орнатылды. Алаңдарда тартан жабыны төселіп, аумағы қоршалатын болады. Барлық жұмыстар 10 шілдеге дейін аяқталады.

–  2021 жылғы талдау нәтижесінде 600 ауланың 420-сы абаттандырылма-ғанын көрсеткен еді. Сондықтан бұл бағытта ауқымды жұмыс қолға алынды. Олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр 150 аула ретке келтірілді. Биыл да аулалар тұрғындарға жайлы болуы үшін жұмыстар жүргізіледі. Олар уақытылы және сапалы атқарылуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Жаңарған сондай аулалардың бірі – Айманов көшесі, 31 мекенжайын-дағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласы. Мұндағы балалар алаңының ашылуына Асайын Байханов қатысып, жергілікті тұрғындармен тілдесті. Олар былтыр ауланы абаттандыруға қатысты әкімдікке жолдаған өтініші назарсыз қалмай, төрт ай аралығында аумақтың құлпыра түскеніне қуанышты екенін алға тартып, билік өкілдеріне алғыс білдірді.

Облыс әкімі музыкалық колледжге де барды. Өткен оқу жылында еліміздегі үздік білім беру орталғына баланатын аталмыш колледж республикалық және халықаралық конкурстардың 220 лауреатын дайындады. Бір «әттеген-айы» – 1959 жылы салынған облыстың ең көне музыкалық колледжі тозып тұр.

– Өмірін музыкаға арнаған ұстаздар мен балаларға тиісті деңгейде жағдайдың жасалмағаны қынжылтады. Бұған дейін ғимараттың жағдайын көрген едім. Оны ретке келтіру үшін ауқымды жұмысты бастаймыз, – деді А.Байханов.

Яғни, алдымен ғимараттың шатыры, жылыту, электрмен жабдықтау жүйелері, екінші кезеңде іші мен қасбеті, музыкалық аспаптар мен жабдықтар жаңартылады. Ал үшінші кезеңде қайта қалпына келтіруге кіріседі.

 

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.