Облыс орталығындағы қоғамдық көліктермен жүру ақысы өсуі мүмкін. Автобус- тар мен трамвайлар арқылы қатынау бағасын қолма-қол ақшамен 200 теңге, электронды жолмен 100 теңгеге дейін көтеру жоспарда бар.

Ашық НҚА сайтында Павлодар қаласы әкімдігінің қаулы жобасы жарияланды.

— Павлодар қаласының аумағында қалалық қозғалыстағы жолаушылар мен багажды тұрақты автомобильмен тасымалдау бағыттарына келесі көлемде сараланған тариф — жолаушыларды тұрақты тасымалдау электронды төлем жүйесі арқылы, интернет желісі және байланыс құрылғыларын қоса алғанда қолма-қол ақшасыз төлем үшін – 100 (жүз) теңге, ал жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда – 200 (екі жүз) теңге болып белгіленсін, — делінген құжатта. Мұндай өзгерісті енгізуге «Павлодар облысы көлікшілер одағы» қауымдастығының өтініші негіз болған. Өз кезегінде аталмыш қауымдастық өкілдері жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың талап-тілегін ескерген көрінеді. Соңғы уақытта жанар-жағармай, көліктің қосалқы бөлшектері мен электр энергиясының қымбаттауына байланысты қазіргі тариф шығындарды жаппай отыр дегенді алға тартады. Енді аталмыш құжат 2 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады. Оның қабылдануына айтарлықтай қарсылықтар болмаса, ресми түрде жарияланып, кейін тарифке қатысты өзгеріс күшіне енеді. Айта кетейік, қазір облыс орталығында қоғамдық көлікпен қатынау үшін жолаушылар қолма-қол ақшамен 130 теңге, көлік картасымен 80 теңге төлейді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.