Павлодар қалалық мәслихаты сессиясында шаһардың басты құжаты — бюджеті нақтыланды. Қазына қаражаты облыс орталығының өзекті мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Нақтыланған қала бюджеті 232 млрд 199 млн теңгені құрады. Сессия отырысына қатысқан қала әкімі Хасар Хабылбеков барлық жұмыс шаһардың игілігіне жасалып жатқанын атап өтті.

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қанат Қапуовтың мәлімдеуінше, құжатқа өзгерістер облыстық бюджетті нақтылаудан кейін енгізіліп отыр. Яғни, облыстық бюджеттен бөлінген қаражат қалалық қазынаның 3,5 млрд теңгеге ұлғаюына әкелді.  Соның ішінде, 2,3 млрд теңге тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз тобына коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана сатып алуға бағытталса, 203 млн. теңге «Достық» шағын ауданындағы №26 көпқабатты үйдің, Мойылды және Жетекші ауылдарындағы Мәдениет үйлерінің құрылысына бөлінді. 534 млн теңгеден астам қаржы қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарастырылып отыр. Бұл қаражатты мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне жұмсау көзделген. Бөлім басшысының айтуынша, шығындарды оңтайландыру нәти-жесіндегі қаражат әлеуметтік маңызы бар әрі міндетті шараларға бөлінбек. Мәселен, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 1,7 млрд теңге беріледі. Оның басым бөлігі – 957 млн теңге  әлеуметтік маңызы бар бағыттағы жолаушылар тасымалын субсидиялауға жұмсалмақ. Сонымен қатар, орамішілік жылу желілерін жөндеуге, электр энергиясын жеткізуге, қалалық және мерекелік шаралар ұйымдастыруға қажетті арнайы техникалар қызметіне бағытталады. Ал құрылыс саласына қарастырылған 793 млн теңгеге «Достық» шағын ауданындағы №5 және №7 үйлерді, «Сарыарқа» шағын ауданындағы №40 үйді салу жалғастырылады. Сондай-ақ, №41 үйдің инженерлік желілерін салуға, Катаев көшесіндегі әкімшілік ғимарат құрылысына, Павлодар ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға жұмсалады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі-
не 385 млн теңге бөлінді. Оған тұрғындарға әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын беруге, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік төлемдер төлеуге жұмсалады. Жер қатынастарына қарастырылған 121 млн теңгеге «Достық» шағын ауданында тұрғын үй кешенінің құрылысына 36 жер телімі қайтарып алынбақ. Айта кетейік, төртінші деңгейлі бюджет трансферттері 40 млн теңге болмақ. Оның көп бөлігі, яғни, 28 млн теңгесі Ленин кентінде рұқсатсыз орындарда қалыптасқан қоқыс алаңдарын жоюға және тарифтің көтерілуіне байланысты коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалады. Ал Жетекші елді мекенінде де тарифтің өсуіне байланысты 6 млн. теңгеге көшенің жарықтандыруына жұмсалатын шығын өтелмек. Кенжекөл ауылында 5 млн теңге жеке тұрғын үй құрылысы аумағындағы электр желісіне ағымдық жөндеу жүргізуге және коммуналдық қызметтерді төлеуге бағытталды. Осылайша, қалалық ең өзекті мәселелері қамтылған бюджет жобасын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Бұл құжат мәслихаттың тұрақты комиссиясында егжей-тегжейлі талқыланған. Жиында шаһардың қысқы жылу маусымына дайындығы да сөз болды. Қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Базылованың айтуынша, барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілген. Көп қабатты үйлер де толық жылуға қосылған. Тек бір көпқабатты үйге жылу ПИК-тің өз жұмысын уақытылы атқармауынан кешіккен. Сессияда Павлодар қаласының Құрметті азаматы атағына ұсынылған үміткерлерге дауыс берілді. Негізі 10 өтініш түскен, соның жетеуі қаралып, бесеуіне қолдау білдірілді. Халық қалаулылары Е.Бимағанов, В.Рак, Б.Максилова, М.Крюков, Ж.Паруовқа қаланың Құрметті азаматы атағын беруді құптады. Сессияда тағы да бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізілді. Қала әкімі Хасар Хабылбеков сессияда шаһар үшін маңызды мәселелер қаралғанын атап өтті. Мәселен, «Достық» шағын ауданы құрылысына жер телімдерін қайтару — маңызды жобалардың бірі, деді.

— Қоғамдық көлікті субсидиялауға қаражат қарастырылып отыр. Естеріңізде болар, бұған дейін автобус тасымалына қатысты күрделі мәселелер болды. Барлық бағытта уақытылы қатынау тәртібі сақталмады. Қазіргі таңда реттелді, бұл көрсеткіш 90 пайызды құрады.  Бұл – қаламыз үшін өте маңызды. Сонымен қатар, жылу маусымын рекордтық мерзімде бастап кеттік, — деді қала әкімі Х.Хабылбеков. Сонымен қатар, шаһар басшысы әкімдік жұмысын түбегейлі өзгертуге көшкенін айтты. Тұрғындармен байланыс үзілгенін, қазір осы бағытта жұмыс қайта қаралап жатқанын атады. Депутаттарды қаладағы жобалардың уақытылы аяқталуына мониторинг жүргізуге атсалысуға шақырды.

— Сонымен қатар, алда 2024 жылдың бюджеті жобасын нақтылау бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Жобаны облыс әкімі алдында қорғадық. Облыс басшылығы тарапынан қолдау бар. Қала игілігі үшін ісімізді жалғастырамыз. Біздің жұмыс-тағы ең басты көрсеткіш – қалалықтардың қанағаттануы, — деді шаһар басшысы Х.Хабылбеков.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.