Жыл сайын ел азаматтары мемлекетке аударуы тиіс төлемдердің бірі — мүлік салығы. Тұрғындар салықтың бұл түрін 1 қазанға дейін өтеуі керек. Оған санаулы күндер ғана қалды. Бұл мерзімге дейін жеке тұлғалар қаржы аударып үлгермесе қандай шара қарастырылған? Кімдерге салықтық жеңілдіктер жасалады? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов жауап берді.

— Ержан Қалымбекұлы, азаматтар өз иелегіндегі баспана үшін қанша төлеуі керек екенін қайдан біле алады?

— Салық берешегін мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты (kgd.gov.kz), сондай-ақ «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы мен «Salyqbot» чат-боты, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы білуге болады. Мәселен, «Kaspi Bank» қосымшасындағы «Төлемдер» бөлімінен салық сомасын көріп, бірден төлеуге мүмкіндік бар. «Қазпошта» АҚ мен банктердің бөлімшелерінде қолма-қол ақша, банк карталары көмегімен де міндетті төлемді жасауға жағдай қарастырылған. Тұрғындарға берешек сомасы push-хабарламалар арқылы да жолданады. Зейнеткерлерге қағаз жүзіндегі түбіртек үйлеріне дейін жеткізіледі. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 1414 Байланыс орталығының нөміріне хабарласуға болады. Біздің мамандар барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Байланыс орталығы сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.

— Кей кездері жеке мүлікке қатысты деректер бұрыс көрсетіліп жатады. Мұндай жағдайда не істеу керек?

— Салық төлеушілер көрсетілген мәліметпен келіспесе, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан анықтама ұсынады. Соның негізінде мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушінің жеке шотына өзгерістер енгізеді. Ал егер тұрғын жазбаша өтініш берсе, мемлекеттік кірістер органдары корпорацияға деректерді анықтау үшін ресми хат жолдайды. Осылайша, мәліметтерді түзеуге болады.

— Салықты уақытылы төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілік қарастырылған ба?

— Төлем дер кезінде жасалмаса, яғни 1 қазанға дейін аударылмаса салықтық берешек туралы ескерту жолданады. Ескертуді елемей, 30 жұмыс күні ішінде де мүлік салығын төлемесе және қарызы бір айлық есептік көрсеткіштен асса, салық бұйрығы дайындалады. Одан соң да бес жұмыс күні ішінде салық сомасы қазынаға түспесе, іс жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына жолданады. Сол кезде міндетті төлем мәжбүрлі түрде өндіріледі.

— Ал кімдерге жеңілдіктер жасалған?

— Салық Кодексінің 526-бабына сәйкес, кейбір азаматтардың санаты мүлік салығын толық немесе ішінара төлеуден босатылған. Жеңілдік қарастырылған мұндай әлеуметтік топқа Кеңес Одағының батырлары, Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үшінші дәрежелi Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен марапатталған адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, тыл еңбеккерлері жатады. Сонымен қатар, бала кезінен мүгедектігі бар адам, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі, «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасын алған көпбалалы аналар, жалғыз тұратын зейнеткерлер салықтық жеңілдіктерді пайдалана алады.

— Біздің облыста қанша адам мүлік салығын төлеуі тиіс?

— Павлодар облысы бойынша 246 683 салық төлеушіге 321,3 млн теңге көлемінде салық есептелді. Жыл басына 32 307 тұрғынның мүлік салығы бойынша 79,6 млн теңге берешегі болған еді. Бүгінде борышкерлер саны 23 715 адамға дейін азайып, олардың қарызының жалпы сомасы 67,7 млн теңгені құрап отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 11,9 млн теңгеге аз. Сол сияқты жер салығын уақытылы төлемей жүрген тұрғындар бар. Атап айтқанда, бүгінде 2064 адам салықтың осы түрі бойынша 3,9 млн теңге қарыз. Берешекті қайтару бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.