Өткен аптада Павлодарда жалпыоблыстық тазалық айлығы басталды. Облыс аумағында ұйымдастырылған сенбілікке мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары мен еріктілер белсенді түрде қатысып, туған жердің тазалығына үлес қосты. Сенбілік барысында облыс әкімі Асайын Байханов көппен бірге ағаш отырғызды.

Жалпыоблыстық сенбілік барысында теміржол көпірі аумағына 120 жас қарағай көшеттері отырғызылып, облыс орталығындағы көшелер мен саябақтар қоқыстан тазартылды. Аймақ басшысы тазалық марафонына қатысқан табиғат жанашырларына алғысын айтып, барша жерлестерді табиғатты аялауға шақырды. Тек қана сенбілік есебінде аталып өтпей, жүйелі түрде жасалатын іс болуы керек екенін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі жасыл желектерді суаруды ұйымдастыруға өзгерістер енгізіп, қаланың барлық саябақтары мен скверлерінде автоматтандырылған суару жүйелерін ұйымдастыруды тапсырды. Бұл технология суды үнемдей отырып, үлкен аумақтарда жасыл желек отырғызуға мүмкіндік береді.

— Ағаштардың аман қалуы сапалы күтімге тікелей байланысты. Бұл нәтижеге адам факторын жою арқылы да қол жеткізуге болады. Қазір қаланың үш саябағында тамшылатып суару жүйесі жұмыс істейді. Иә, тамшылатып суару арзан емес. Бірақ, кем дегенде, осылайша тамырлардың нәрленуіне кепілдік беріледі, ылғал болса ғана жас ағаштар нығайып, өседі, — деді облыс әкімі. Сонымен қатар, Павлодарда өткен сенбілікте қала тұрғындары мен коммуналдық қызметшілер Шарбақты көпірі маңындағы өздігінен пайда болған қоқыс алаңын тазартты. Сондай-ақ, көптеген көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары өз аулаларын ретке келтіріп, тазалық марафонына қатысты. Еске сала кетейік, облыс бойынша 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында тазалық айлығы өтеді. Кең ауқымды сенбілікке мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, студенттер және қоршаған ортаның жағдайына алаңдайтын барлық мүдделі облыс тұрғындары қатыса алады. Қоқыс шығару үшін қалалық тұрғын үй-комму-налдық шаруашылық бөлімі дәстүрлі түрде маман-дандырылған техникаларды бөлді, оларға 8 776 803 55 11 телефоны арқылы тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ, сенбілік күндері тұрмыстық қалдық алаңында қоқыстарды қабылдау тегін болады.

А.МҰҚЫШЕВ.