Павлодарда жылу желілерін жаңғыртуға және жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай жобалардың бірі – облыс орталығындағы ұзындығы 246 метрді құрайтын жылу желісін қайта құру, металл құбырларды өнеркәсіптік пенопооиуретандық оқшаулаудағы құбырларға кезең-кезеңімен ауыстыру. Бұл температура мен гидравликалық шығындарды азайтуға, сондай-ақ, жылу желілеріне қызмет көрсету мен жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуы 92 пайызды құрайтынын атап өтіп, бұл мәселені шешу үшін кемінде 10 жыл уақыт керек екенін айтты.

— Павлодардағы жылу желілерінің тозу көрсеткіші жыл басында 89 пайыз болған. Құбырлар жарылып кетпес үшін жылуды тиісті параметрлермен беру керек. Егер қысымды, температураны жоғары берсек, құбырлар жүктемеге шыдамай, жарылып кетеді. Сондықтан да ешқандай ақаулар орын алмағандай параметрлерді стандартқа сай беріп жатырмыз. Бүгінде көпқабатты пәтерлерге температура 100 градус шамасында берілуде. Ал батареяларға жылудың әлсіз жетуі бірнеше себептерге келіп тіреледі. Оның ең бірінші себебі – жылу желілерінің тозуы. Ал, екіншіден – тұтынушының қысқа өз үйін қалай дайындауына байланысты. Көп жағдайда уақтылы жылыту қондырғылары тазартылмайды, – деді О.Щемель. Сонымен қатар, «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас директоры Марат Иманаев Павлодарда жалпы жылу желілерінің ұзындығы 800 шақырымды құрайтынын айтып, соңғы бес жылда магистральді жылу желілерінің 30 шақырымы жаңартылғанын жеткізді. Ал орамішілік жылу желілері алдағы он жылда толықтай ауыстырылмақ.

— Қаладағы құбырлардың барлығы КСРО кезінде салынған. Бір құбырдың амортизация мерзімі 25 жылды құрайды. Ал облыс орталығында 50 жыл жөндеу көрмеген құбырлар бар. Соңғы екі апта ішінде жылу жеткіліксіздігі бойынша 189 өтініш түсті. Олардың ішінде тозған жылу желілерінің салдарынан жеткіліксіз температура 31 үйде анықталды. Сондай-ақ, 153 үйде ПИК-тің қысқы маусымға дайындалмағаны тіркелді. Бүгінгі таңда жылу желілерін қайта құру мен салу бойынша бағадарлама әзірленіп, тиісті мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң нәтиже алды. Яғни 10 жыл көлемінде желілердегі тозу пайызы 90-нан 50-ге дейін түседі, – деді М.Иманаев. Сондай-ақ, Марат Иманаевтың айтуынша, биыл қаланың төрт шағын ауданында 15 шақырымға жуық блокішілік желілер ауыстырылды. Оның ішінде ЖЭО-1-ден Дачный шағын ауданына дейін ұзындығы 6 шақырым болатын ТМ-43, ТМ-42 салынды. ТМ-31 диаметрі ұлғайып, реконструкцияланды. Лесозауыт пен радиозауыт мөлтек ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін жылу магистралі салынып, басқа да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Алдағы алты жылда тағы 158 шақырым «ішкі блок» ауыстырылады. Бұдан бөлек, брифинг барысында қалалық жылу электр станцияларының тозу деңгейі де айтылды. Мәселен, қазіргі уақытта 3-ЖЭО-да жабдықтар 56 пайызға, ЖЭО-2-де 80 пайызға тозған. Алдағы 7 жылда 3 турбинаны ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда. Біріншісі 2025 жылы ауыстырылмақ.

А.МҰҚЫШЕВ.