Табиғат тосын мінез танытса, коммуналдық проблемалардың шеті көрініп қалады. Аязда құбыр қатады, жел соқса жарық сөніп, шатыр ұшады. Жуырда көктен сұраған һәм көптен күткен нөсер жауып, облыс орталығындағы бірнеше көше су астында қалды. Үйлерге, көліктерге су кіріп, тұрғындарды әбігерге салды. «Әкімдік қайда қарап отыр?» деген сын осындайда айтылса керек.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Депутаттар қайда қарап отыр?

Қала тұрғыны Айгүл Құлниязованың әкімдікке өкпесі қара қазандай. Жаңадан сатып алынған көлігі су астында қалған. Ағасының жер үйіне су кірген.

– Әкімдіктегілер табиғат-анаға қарсы шыға алмаймыз деп ақталуы мүмкін. Бірақ, бұл жыл сайын қайталанатын жағдай ғой. Неге суағар салынбайды? Неге жағымсыз жағдайдың алдын алу жұмыстары жүргізілмейді? Нөсер сағаттап жауса не болатын еді? Шыдамның да шегі бар. Жыл басында қаланы дамыту бойынша жиындар өтіп, қаражатты бөлу мәселесі сөз болады. Сол уақытта суағар салу жобасы қарастырылса деген тілегіміз бар. Біз сайлаған депутаттар неге бұл мәселені көтермейді? Тұрғындарға ортақ проблеманы шешпесе, мандаттарын тапсырсын! – деп Айгүл жан айқайын айтты. Шынымен де, суағар салу мәселесі әр жыл сайын сан мәрте көтеріліп келеді. Әзірге тұрғындардың өтінішіне құлақ асатын ешкім жоқ. Жаңбыр суы ойпаң жерлерде жиналып, асфальт жолдар шыдас бермей, опырылып түсетінін жиі көріп жүрміз. Бұл шұңқырларға абайсызда жеңіл авто-
көліктер түсіп кетіп, иелері материалдық тұрғыдан зардап шегіп жүргені жасырын емес. «Екінші Павлодар» шағын аудандағы мәселе одан да күрделі. Мұнда жазғытұрым күн жылынғанда жерасты сулары көтеріліп, жер үйлерге су кіріп, тұрғындарды әбігерге салатыны бар. Жеке үйлер секторында арнайы ұңғымалар қазылғанымен, оның пайдасы әзірше байқалмай тұр. Осы түйткілдердің барлығын шешу үшін нөсер және дренаждық жүйе кешенді тұрғыдан қарастырылуға тиіс, деп санайды мамандар.

Бас жоспарды басты назарға алса…

Өткен ғасырда шаһардың коммуналдық саласына жауапты болған, кейін қаланың әкімі қызметін атқарған Александр Рюмкинге хабарласып, пікірін білгенді жөн көрдік.

– Өткен ғасырдың 60-70 жылдары облыс орталығында суағар салына бастады. Қазірдің өзінде кейбір көшелерде әлі сақтаулы. Дайын жоба болды. Оған сәйкес, кезең-кезеңмен қаланың барлық көшелерін қамту көзделген-ді. Өкінішке қарай, қайта құру дәуірі басталып, жобалар аяқсыз қалды. Тәуелсіздік алғаннан бері қанша жыл өтті. Бұл жобаны ертерек қолға алуға болушы еді. Себебі, бұл іске көп қаражат қажет емес. Жер бар, құрылыс материалдары, құбырлар жеткілікті. Жыл сайын бірнеше көше қамтылып отырса, мәселе шешімін табар еді. Жыл сайын жолға асфальт төселеді. Жаңбыр жауса, жаңа асфальт су астында қалып, бүліне бастайды. Кім ұтты, кім ұтылды? Сондықтан да қала басшылығы суағар салу мәселесін назарда ұстағаны абзал, – дейді А.Рюмкин. Шаһардың бұрынғы басшысы қаланың бас жоспары дұрыс түзіліп, әкімдіктегілер оны басты құжат ретінде қабылдау керек екенін алға тартады. Бас жоспар демекші, 2018 жылдың 12 маусымында Үкімет бекіткен облыс орталығының бас жоспарында суағар салу мәселесі тайға таңба басқандай жазылған. Әзірге жобалардың жүзеге асып жатқанын көрмедік.

Жобадан не күтеміз?

Павлодар қаласының аумағындағы жерасты суларының деңгейін төмендетуге арналған ескі дренаждық жүйелер бар екенін жоғарыда жаздық. Ағып келген суды айдауға арналған 4 сорғы стансасы да қарас-тырылған. 1960-1970 жылдары алғаш рет дренаж жүйелері Азовская, Қамзин, Ладожская, Орловская көшелері аумақта-рынды салыныпты. Қала әкімдігіне хабарласқанымызда, құрылыс бөлімінің мамандары «Павлодар қала-сының жерасты суларының дренаждық желілеріне арналған гидрогеологиялық карта» техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жүргізіліп жатқанын айтты. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін осы ТЭН негізінде дренаждық-нөсерлік жүйенің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалады. Жобаның мақсаты – Павлодар қаласын орталықтандырылған нөсер және дренаждық кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету, су жиі басатын аумақтардың жағдайын жақсарту, жол жабындарын, қала ғимараттарының іргетастары мен негіздерін сақтау. Қаланың дренаждық-нөсерлік жүйесін салу жобасын іске асыру кезінде тазарту құрылымдарын, сорғы стансаларын, нөсерлік кәріз коллекторларын, дренаждық коллекторларды (өздігінен ағатын және қысым арқылы), тазартылған ағын су құбырларын салу жоспарлануда. Жобаны іске асыру үш кезеңге жоспарланған. Атап айтсақ, алғашқы кезең 2026 жылға дейін жүзеге асса, екінші кезең 2028, соңғысы 2030 жылға дейін созылады. Жобаға жұмсалатын қаражат мөлшері әзірге нақтыланбаған. Сметалық құжаттама дайын болған соң алғашқы есептеулер жүргізіліп, қажет сома сұралады. Бұл тұтастай алғанда ауқымды инженерлік кешен болғандықтан, оны қаржыландыру республикалық бюджет арқылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Су басу аумақтарын анықтау үшін Павлодар қаласының гидрогеологиялық жағдайларының өңірлік математикалық моделі әзірленіп жатқанын атап өткен жөн. Мамандар жобаның ең оңтайлы шешімі ретінде дренажды және нөсерлік кәріздердің аралас жүйесін салу екенін алға тартып отыр. Яғни көлденең дренаждар жүйесі тартылады және қолданыстағы ұңғымаларды да пайдалану көзделуде. Жерасты суларын жинауды ұйымдастыру үшін тереңдікте орнатылатын перфорацияланған құбырлар пайдаланылады. Бұл тұрғын үйлердің жертөлелеріне судың жиналуына жол бермейді. Нөсер ағындары (жаңбыр және еріген қар сулары) құбырлар жүйесі арқылы тазарту құрылымдарына дейін ағады. Қорыта айтсақ, нөсерлік кәріз жүйесі мен дренаж жүйесі құрылысының әлеуметтік және экологиялық маңызы зор екенін естен шығармаған жөн. Ауылдағылар жауын тілесе, қаладағылар «жаумаса екен» деп отыруы керек пе? Шаһар билігі суағар салу мәселесін жүйелі шешеді деген сенім мол. Тұрғындардың тілегі бұл.