Ұлттық театр және кино қайраткері Шәкен Айманов және қазақ ұлттық  киносы туралы

 

Кенжетайұлы Айманов (1914-1970) – театр, кино өнерінің актері және режиссері, КСРО және ҚазКСР халық әртісі, КСРО және ҚазКСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының негізін қалаушылардың бірі және бірінші хатшысы. Көптеген Халықаралық кинофестивальдардың әділқазылар алқасының мүшесі. «Ленин», «Еңбек Қызыл ту» және екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендері мен медальдарының иегері.

Өзінің шәкірттерінің бірі және режиссуралық шығармашылығын жалғастырушы, белгілі «Транссібір экспресі» фильмінің режиссері Эльдор Оразбаев: «Шәкен Айманов — нағыз табиғи дарын иесі, самородок. Жас кезінен-ақ ол өзін әртіс ретінде таныта білді, ал мұндай біртуар табиғи дарын ешқашан бір жақты болмайтыны белгілі. Ол жан-жақтылығымен дами түседі. Тамаша сахна актері Шәкен аға театр режиссері болды, кинода көптеген кейіпкерлердің бейнесін сомдады, фильмдер түсіре жүріп ауқымды қоғамдық жұмыстар атқара білді», — деген екен. Шәкен аға туралы дәл айтылған суреттеме. Бұл Аймановтың өзі туралы айтылып, жазылған дүниелердің және оның сан қырлы, жан-жақты істерін көріп, біліп жүргендердің сол кездегі сипаттамаларының жиынтығы іспетті. Қай мәселеде болсын жаңалық жасай білуі, қалыптасқан көзқарасты тосын өзгерте алатын қасиеті, қолына алған кез келген істің тамаша нәтижесін шығаратыны көпшіліктің Шәкен Айманов тұлғасына деген қызығушылығын үдете түсетін! Әрине, қызғаныш көз бен тар пиғылдардың пайда болғаны да белгілі. Семей педагогикалық техникумын бітірмей тұрып-ақ шақыртылған Қазақ драма театрында Шәкен аға азды-көпті жиырма жыл еңбек етіп, жүзден аса рөл ойнады, режиссер, одан кейін бас режиссер қызметін атқарып, көптеген спектакльдер қойды. М.Әуезовтің «Абай» спектаклін қойғаны үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Әрине, Шәкен Айманов киноға қалай келді, кино өнерінің ерек-шеліктерін қандай жағдайларда ажырата бастады деген сұрақтар туындайды. Шәкен ағаның кино өнеріне деген талпынысы мен қызығушылығы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының  соңында, дәлірек айтсақ, 1937 жылы Алматы қаласының іргесінде негізгі көріністері түсіріле бастаған «Амангелді» фильмімен тығыз байланысты. «Ленфильм» киностудиясы жүзеге асырып жатқан бұл түсірілім туралы хабар Шәкен-ағаға сырттан келмейді. Амангелді рөліне түсуге театрдың бас режиссерінің рұқсатын алуға келген Елубай Өмірзақовтан Шәкен аға түсіру тобының жетекшілерімен кездесу ұйымдастыруды сұрайды. Рөл ойнауға уақыты тығыз Шәкен аға фильмнің режиссері Моисей Левиннен көпшілік көріністерге қатысуға рұқсат алып, тәжірибе жинақтай бастайды. Театр мен кино екеуі де драма өнеріне жататындықтан, көбіне кино түсірудің технологиясын түсінуге ерекше көңіл бөледі. Қастек ауылының маңындағы түсіру алаңына Шәкен-ағаның әрбір келгені кино түсіру тобына да өз пайдасын тигізбей қоймады. Тіпті, фильм режиссері қазақ тұрмысы мен салт дәстүр-лері бойынша кеңесші ретінде жиі ақылдасып тұрғаны белгілі.


М.Левин «Амангелдіден» кейін көп ұзамай келесі фильмі – «Райханды» түсіреді. Шәкен ағаға осы фильмдегі Сәрсен деген зиянкес және байдың қолшоқпарының рөлін ұсынады. Алғаш рет кинокамера алдында объективке тура қарап рөл ойнауды ұлы актер осы фильмде үйренді. Кейін «Абай әндеріндегі» Шәріптің, «Алтын мүйіздегі» Жақанның, әйгілі Ефим Дзиганның Николай Погодин мен Әбділда Тәжібаевтың сценарийі бойынша түсірген «Жамбыл» фильміндегі Жамбылдың рөлін ойнау мүмкіндігіне ие болады. Бала кезінен ақындар мен жыршылар әлеміне жақын өскен Шәкенге бұл рөл аса қымбат және көкейінде жүрген арманы еді. Шәкен кездейсоқ жағдайда осы рөлге бекітілсе де, ол даңқты суырыпсалма ақын мен әнші Жамбылдың рөлін ойдағыдай орындап шығады (алдында белгі-ленген жоспар бойынша байдың қолшоқпары болған жағымсыз кейіпкерді ойнауы керек болған екен). Шәкен ағаның Жамбыл рөліне бекітілуінің өзі де — бір тарих. Фильм режиссері Ефим Дзиган қарт ақынның рөліне орындаушы таба алмай әуре-сарсаңға түседі. Оның алдынан үміткер актерлар бірінен соң бірі өтіп жатады, ал лайық актeр табылмай қояды. Дәрменсіздіктен әбден шаршаған режиссер бірде үзіліс кезінде күмбірлеген домбыраның дауысын естіп қалады. Бір кезде жас жігіт Жамбылдың әнін айта бастайды. Режиссер залға бас сұғады. Қараса, жиналған адамдардың ортасында бір жігіт кейіпкер ақынның рөлін ойнаған болып, қалжың аралас-тырып ән айтып отыр екен. Оның шeбeр ойынынан режиссер бір сиқыр байқайды. «Мен бұрын көрмеген орындаушының ойынынан ерекше қарқынмен шарықтаған екпін мен серпін сезілді, тіпті мені баурап әкетті, — дейді ол, — оның табиғи дарыны жылтылдап сыртына шығып тұрғандай болды. Әрине, бұл жерде әңгіме оның әншілік шеберлігінде емес – дауысы соншалықты күшті деуге келмейді, мені таңғалдырғаны – оның тұла бойынан ескен әлдебір күшті сезім, көздерінің оттай жануы, сырт кейпі, домбырада еркін ойнауы, бет-әлпеті болды. Осының бәрі біз қызықтаған жаңағы жігіттің ерекше актерлік қабілетін байқатты. Танысқан соң Аймановты грим бөлмесіне ертіп келіп, Жамбылдың гримін жасатқыздым. Содан кейін де бес-алты рет сынақ өткізілді. Біз Аймановты жиырма мен жүзге дейінгі әртүрлі жасқа бейімдеп сынадық. Әйтеуір, портреттік ұқсастыққа жеттік, Аймановтың қайталанбас қасиеті – әрбір ұсынылған жасқа өзінің актерлік кейпін түрлендіре білгенінде еді». Осы эпикалық бейнені сомдау барысында Шәкен ағаның актерлік дарынының кеңдігі мен тереңдігі айқындалды. Айманов қазақ халқының тарихында өзіндік даңғыл жолы бар Жамбыл ақынның тұлғалық және дарындық қалыптасу барысын жан дүниесінен өткізіп барып, ерекше ыждаһаттықпен, сүйіспеншілікпен, терең ой-сезіммен ойнап шықты. Осының нәтижесі артистің ел алдындағы абыройының бір сәтте және мүлтіксіз асқақтауына жеткізді. Көрермен Шәкен сомдаған Жамбылды өте жылы қабылдады, себебі артист ұлы ақынның дарыны мен рухын мейлінше шынайылықпен суреттей алды. Осы фильм Аймановтың кинорежиссерлік болашағына да жол ашты деуге әбден болады. Шәкен аға осылайша өзінің шығармашылық қабілетіне сүйене отырып, кино өнерімен тыңғылықты айналысуды негізгі мақсаты етіп қояды. Көп ұзамай-ақ тәжірибелі режиссерлердің көмегімен фильм түсіруді бастап та кетеді. Алғашқы екі фильмін ленинградтық режиссер К.Гаккельмен бірге 1954 жылы түсіреді. Олар – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу туралы өте белгілі аңыз негізінде түсірілген «Махаббат туралы аңыз» және көшпенді малшының қызының тағдырын баяндайтын «Дала қызы» болатын. Олардан кейін М.Володарскиймен бірге тың игеру тақырыбын арқау еткен «Біз осында тұрамыз» (1956) фильмін түсіреді. Әрі қарай Шәкен Аймановтың өзінің қоюшы режиссерлігі басталды. Аймановтың кино өнеріндегі шығармашылық қарқыны заман-дастарын таңырқатпай қоймады. Ең бастысы, ол бір жанрлық бағытты ұстанбай, драманы, трагедияны, шытырман оқиғаны, тіпті ең күрделі жанр саналатын комедияны, музыкалық комедияны қаймықпастан игергені көрерменнің зор қолдауына ие болғаны белгілі. Әсіресе, 1957 жылы түсірген «Біздің сүйікті дәрігер» атты тамаша комедиясы көрерменнің көзайымына айналды. Ол фильмнің бүгінгі күнге дейін өзінің көңілді, жарқын атмосферасымен, өткір тілділімен көрермен сұранысының жоғары деңгейінен түспейтін шығармалардың қатарында екені белгілі. Бұл түсінікті де, себебі ең алдымен, қазақ өнерінің хас шеберлеріне арналған фильм-ескерткіш деуге болады. Онда Елубай Өмірзақов, Шара Жиенқұлова, Серке Қожамқұлов, Қадиша Бөкеева, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Юрий Померанцев, Евгений Диордиев, Рақия Қойшыбаева секілді қазақ өнерінің тағы да басқа көптеген саңлақтарының қайталанбас бейнесі қалды. «Тақиялы періште» (1968) атты режиссердің екінші комедиялық фильмі де еліміздің көрермендерінің, кинофестивальдардың аса зор ықыласына бөленді. Бұл фильм -КСРО елдері шығарған үздік комедиялық фильмдер қатарына енді және әлі күнге дейін халық сүйіп көретін шығармалардың бірі. Шәкен ағаның кеңестік идеологиясының үстемдігі шыңына жетіп тұрған уақытта партия қызметкерінің психологиясын қорықпай көрсеткен «Бір ауданда» (1960) фильмін де атап өтуіміз керек. Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» (1964) және «Атамекен» (1966) фильмдері – қазақ киносының тарихында өзіндік орны бар, терең ойлы шығармалар екені даусыз. «Алдар көсе» фильмінде режиссер басты рөлді өзі ойнады. Фильмнің мазмұны мен тақырыбы адамгершілік үшін күреске, жақсылық пен зұлымдықтың арақашықтығын түсінуге шақырады. Ал «Атамекен» фильмі Отан, туған жер деген қасиетті ұғымдарды соғыс тақы-рыбы арқылы көрсетеді. Олжас Сүлейменов фильм сценарийін Шәкен ағаның сұрауы бойынша «Атамекен» өлеңінің желісімен жазғанын айтады. Бұл оның алғашқы жазған сценарийі екен. Көптеген көріністер мен ойға жетелейтін диалогтардың сол кездегі цензураның нұсқауымен алынып тасталғанын айта келе, Шәкен Аймановтың осы мекеменің алыптарымен әр көрініс, әр эпизод үшін күрескені, сондағы батырлығына риза болғанын ерекше атап өтеді. Айманов осындай қиыншылықтарды бастан өткізе жүріп, поэтикалық негізі бар тақырыпты фильм-тәмсіл (фильм-притча) жанрында шешеді. Олжас аға ол кезде «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы қызметін атқарды. Ақын «Қазақфильм» киностудиясындағы сол кездегі атмосфераны былай суреттейді: «Сол алпысыншы жылдары студияның сценарлық алқасын басқардым, менің қалыптасуым осы ұжымда өтті, оның жаны, жетекшілері – Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов болатын. Кинодағы осындай мектептен Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, ал бізге дейін Ғабит Мүсірепов те өткен». Жан-тәнімен театр сахнасын құрметтейтін Айманов осылайша киноға біржола ауысып кетеді. Жиырма жыл ішінде ол жиырма фильмде актер, қоюшы-режиссер, сценарист болып қызмет атқарды. 1953 жылы «Қазақфильмнің» көркемдік жетекшісі, он жылдан соң Қазақстан кинематографистер одағын құрып, оның Басқарма төрағасы болады. Қазақ киноөнерінің күнделікті өмірінен бастап, оның дамуы үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. Шәкен ағаның басты мақсаттарының бірі – кино үрдісіне шығармашылық интеллигенция мен жастарды тарту болды. Жастармен өзінің тәжірибесімен бөлісуге, олардың кино саласының мамандары болып қалыптасуына көп көңіл бөлді. Мысалы, Мәскеу мемлекеттік кинематография институтының студенттерімен мүмкіндігінше жиі кездесіп тұруды  ұмытпайтын. «Шәкен Аймановқа апарар жолымның басында мен Ефим Ефимович Аронның «Ботагөз» және «Ертістің қолайсыз жағалауында» деген екі фильміне түстім, — дейді Асанәлі Әшімов, — мен ол кезде кино дегеннің не екенін, экранда бейнелер жасау, қай кейіпкерді қалай ойнау керек екенін білмейтінмін. Ауылдан келген менің жалпы өнер туралы түсінігім де аз болатын. Солай бола тұра «Амангелді» фильмін қайта-қайта көретінмін, әр көрген сайын Құдайдан сүйікті кейіпкерімді аман қалдыруын тілейтінмін. Сөйтіп жүргенде 1962 жылы Айманов мені жас аудан партия комитетінің хатшысының рөліне шақырды, ал өзі және Евгений Яковлевич Диордиев жасы үлкенірек хатшылардың рөлін ойнады. Бұл «Бір ауданда» фильмі болатын. Мен жиырма төрт жаста болсам да, ағаларымнан ұялатынмын. Қалай тұру керек екенін, қолымды қайда қоярымды білмей қиналатынмын. Айманов сол актерлік кемшіліктерімді кейіпкерімнің болашақ бейнесіне негіз етіп алды. Мeн ол кісінің айтқанынан шықпадым, өмірге, экранға қатысты көзқарастары мeн шығармашылық кеңістікті ұйымдастыру тәсілдері маған өзінен өзі көше бастағандай көрінді. Ал «Жол қиылысы», «Ән қанатында», олардан кейінгі «Атаманның ақыры» фильмдерінде біржолата оған үйреніп кеттім. Тіпті «ірі пландарды» түсіргенде Шәкен аға объективтің өзі болып, дәл алдымда бажырайып қарап тұрса да қаймықпай ойнай беретін болдым. Түсірілгeн көрініс ойдағыдай болса, «Стоп» деген сөзді бал-бұл жайнап, ерекше көңілмен айтатын. Менің де ішім жылып қоя беретін. Ол ұрысу дегенді білмейтін. Ұзақ түсіндіріп жатпайтын. Интонациясынан бәрі білініп тұратын. Бір сөзбен көп нәрсені айтатын. «Атаманның ақырындағы» актерлік жұмысыма риза болып жүретін. Көп мақтамайтын да. Бірде маған жақындап: «Жақсы балам, Чадьяровың ойдағыдай!», — деп қысқа қайырды. Нәтижесін кейін Москвада өз құлағыммен естідім. Кино үйінде өткен фильмнің тұсаукесерінен кейін оған белгілі режиссер Григорий Чухрай: «О, Шәкен, сен детективті жақсы меңгеріпсің, мен саған ұқсас тақырып ұсынсам қалай қарайсың? – дегенде, – Жоқ, Григорий, мен көптен бері «Абай»  эпопеясын түсірсем деген ойда жүрмін, актерім де дайын» деп маған қарағанынан әңгіме өзім туралы екенін түсіне қойдым. Бірақ, өкініштісі, ол жүзеге аспайтын жоспар еді! Актерлік шеберліктің қалыптасуы кезеңінде жолым болып Шәкен ағамен кездескенім бүкіл болашағымды айқындады. Арнайы маған сабақ бермесе де, ол — менің ұстазым, бойымдағы шығармашылық болмыстың бәрі сол кісіден! — дeйді бүгінгі театр мен кино өнерінің абыз ақсақалы Асeкeң. «Атаманның ақыры» Шәкен Аймановтың да ақыры болды. Фильм Қазақстанның Мемлекеттік сый-
лығын иеленді, авторының шеберлігінің шыңы екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, қазақ киносының саяси детектив жанрын ойдағыдай игергенінің белгісі болды. Режис-серлік шеберлікпен жасалған бұл фильм қазақ көркемсуретті киносын жаңа кәсіби деңгейге көтерді. «Атаманның ақырының» жалғасындай саналатын «Транссібір экспресі» фильмін Шәкен Аймановтың шәкірті, кинорежиссер Эльдор Оразбаев түсірді. Бұл фильм де көрерменнің зор ықыласына бөленді және көрермені көп үздік шығармалардың қатарына енді. Әрі қарай «Абай» эпопеясына дайындаламын деп жүрген Шәкен Кенжетайұлы «Атаманның ақыры» фильмін кино өнерінде қалыптасқан дәстүрлі тәртіппен КСРО кинематография бойынша мемлекеттік комитетіне ойдағыдай тапсырып, сыртқа шыққан кезде оны кездейсоқ жағдай күтіп тұр екен! Москваның Горький көшесінде автокөлік қағып кетеді. Алған жарақаты дәрігерлерді шарасыз еткен осы өте қайғылы жағдай әлі де қазақ киноөнерінің жадында зор қасірет болып қала береді. Театр және кино режиссері, мәдениет майданының аты мен абыройы жер жарған қайраткері, біртуар дарынымен көпшіліктің жүрегін жаулаған артист, ақын-жыршылардың ән салу дәстүрлерін жалғастырушы, қай ортаны болмасын өзінің қызықты әңгімелерімен, шынайы болмысымен баурап алатын көпшіл, өткір сықақ пен қалжың ойындардың шебері, жомарт және мәрт азамат… осының бәрі — бір Шәкен Аймановқа тән қасиеттер! Шәкен Айманов — адамгершілік пен қайырымдылықтың, адамсүйгіштік пен ұлтжандылықтың планетасы. Қайталанбас фeномен! Оның жарқын бейнесі, асқақ армандары мен жобалары әр қазақ киногерінің жадында, оның фильмдері мен рөлдері фотографиялар мен таспаларда мәңгілік қалды. Ал ол өзінің қысқа өмірін сарп еткен қазақ киноөнері бүгінгі күннің талаптарына сай бағытта дамып, күннен- күнге күш пен қуат жинауда. 2024 жылы Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толады.

Сламбек ТӘУЕКЕЛ,  кинорежиссер, кинопродюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.