Биыл облыс бойынша жылыту маусымына дайындық кезінде ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Жылу магистралінің проблемалы учаскелері жөнделді, келісілген кесте бойынша жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Бүгінгі таңда жылу мен ыстық су облыс орталығындағы барлық әлеуметтік нысандар мен 1265  көпқабатты тұрғын үйге берілді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Базылова бүгінгі күні Павлодарда 12 көпқабатты тұрғын үйде жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Барлық жұмыстарды 10 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.

– Павлодар қаласында жаңа жылыту маусымына дайындық шеңберінде кешенді жөндеу  шаралары жүргізілді. Бүгінде үш жылу-электр орталығында негізгі жабдықтың 15-і жөнделіп жатыр. Атап айтсақ, 7 қазандық, 6 турбина және 2 мұржа жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары 11 нысанда аяқталды. Сондай-ақ, магистралды және кварталішілік желілерде гидравликалық сынақтар жүргізілді. Бұдан бөлек, химқалашық және «Жастар» шағын аудандарының гидравликалық режимін жақсарту үшін «ТМ-37» монтажы жүргізілуде. Биыл көпқабатты үйлер 25 қыркүйектен жылытыла бастады. Бүгінгі күні 1267 нысан жылуға қосылған. Қалған үйлерде ішкі желілер жөнделіп жатыр. Сондай-ақ, ыстық сумен барлық әлеуметтік нысандар және 1265  көпқабатты тұрғын үй қамтылған. Қалған 12 үйде жөндеу жұмыстары жалғасуда, — деді Б.Базылова. Сонымен қатар, жиын барысында «Павлодар жылу желілері» ЖШС тұтынушылармен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Галина Волкова қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердегі ауа температурасы жылыту маусымының алғашқы күндері құбылмалы болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі кезде облыс орталығындағы барлық жылу беру жүйелерінде температураны реттеу және қалыпқа келтіру шаралары жүргізілуде, желі режимдері сынақтан өткізілуде.

— Қаладағы жылу желілерінің тозу көрсеткіші өте жоғары. Қысым мен температураның күрт көтерілуі құбырларға салмақ түсіретіні белгілі. Сол себепті жылу беру маусымы кезең-кезең бойынша жүзеге асырылуда. Қазір тұрғындардың көпшілігінің пәтерінде 20 градус ыстық. Орталықтандырылған жылу пункттерінен қуат алатын нысандардың жылу ақысы сорғылар қосылған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бастап алынады. Бүгінгі таңда қаладағы тұрғын үйлердің 75 пайызы есептеу аспаптарымен жабдықталған. Сол құрылғының көрсеткіштері бойынша есептеу жүргізіледі. Ал қалған үйлерде төлемдер іске қосу куәліктері берілген сәттен бастап есептеледі, — деп атап өтті Г.Волкова. Айта кетейік, жылумен қамтуға қатысты барлық сұрақтар бойынша 62-33-22 телефоны бойынша немесе қалалық тұрғын үй инспекциясына, сондай-ақ, «109» қызметіне хабарласуға болады. Сонымен қатар, Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің Instagram желісіндегі парақшасында өтініштер қабылданады.

А.МҰҚЫШЕВ.