Редакциямызға облыс орталығындағы Радиозавод шағын ауданының тұрғындары хабарласты. Олардың айтуынша, белгісіз бір кәсіпкер қаз-қатар тізілген ағаштарды қоршап, құрылыс жұмыстарын жүргізбек. Мәселенің мән-жайын білу үшін аталған аумаққа барып қайттық.

Қоршалған аумақ қаланың шыға берісінде, дәлірек айтсақ «Омар әл-Фарух» мешітінің жанында орналасқан екен. Шынымен де, жапырағы жайқалған биік ағаштар сұр қаңылтыр қоршаумен ұзыннан қоршалыпты. Мал кіріп кетпесін деген оймен қоршалмағаны көрініп-ақ тұр. Тұрғындардың алаңдайтын жөні бар.

Гүлфия есімді тұрғынның айтуынша, шағын ауданда саябақ та, гүл бағы да жоқ. Сол себепті мұндағы әр ағаштың «тағдыры» маңызды.

– Бұл ауданда қарағай мен қайың ағаштары жайқалған шағын орманды алқап қана бар. Жалғыз демалыс орны саналатын аумақта таяғын ұстаған қариялар ауа жұтуды әдетке айналдырған. Өзге де тұрғындар бала-шағасымен серуендеп жүреді. Орманды алқап көлік қозғалысы жоғары саналатын асфальт жолдың бойында орналасқандықтан ауаның ластануына сәл де болса тосқауыл екенін естен шығармаған жөн. Жуырда серуендеуге шығып, орман алқабының бір бөлігі қоршалғанын көріп, жағамды ұстадым. Құрылыс жұмыстары жүргізілсе, қаншама ағаш кесіліп, экологиялық проблема туындайын деп тұр. Тұрғындар да жалғыз саналатын демалыс орнынан қол үзіп қалмақ. Бұл аймаққа жақындау жерде құрылысы тоқтап тұрған екіқабатты нысан бар. «Сатамын» деген жазуы тұр. Қала берді, қаңырап тұрған жанар-жағармай бекеті орналасқан. Айтпағым, кәсіпкерлер шағын бизнесін дөңгелеткісі келсе, аталған бос тұрған нысандарды кәдеге жаратсын. Талай жыл тамыр жайып, жайқалып өсіп тұрған ағаштар кесілмесін. Тұрғындардың талабы сол, – дейді Гүлфия.

Бұл мәселе бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарластық. Бөлім басшысы Нариман Қайырленовтің айтуынша, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ағаштарды кесуге рұқсат бермеу туралы ресми құжат жолданған.

– Аумағы 0,08 гектарды құрайтын жер былтыр заңды тұлғаға 3 жыл уақытша пайдалану құқығымен жалға берілген. Біздің бөлім тарапынан сәулет-жоспарлау тапсырмасы құжаты үлестірілген жоқ. Жобаның нобайы келісілмеді. Бүгінде жер иесімен қоршауды алып тастау жөнінде әңгімелесу жүргізілді, – дейді ол.

Белгілі болғандай, кәсіпкер бұл аумақты таунхаус үлгісіндегі үй салуға жалға алыпты. Енді бастапқы ойынан айнып, көлік сататын орынға айналдыру үшін құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүрген көрінеді. Сонда қандай нысан салынса да, ағаштар кесіледі деген сөз бе? Неліктен әу баста аталған жерді жалға беру туралы шешім қабылданған? Құзырлы органдар қайда қарап отыр? Әлде қалталы кәсіпкермен ауыз жаласып отыр ма? Бұған қала әкімі Ержан Иманзайыпов не дейді? Тұрғындар «саябақ салып беріңіздер» деп алақан жайып отырған жоқ. Дайын тұрған саябақ үлігсіндегі аумақтың өзін сақтай алмай отырғанымыз өкінішті…

Қала әкімдігінен жауап күтеміз.

Оралхан ҚОЖАНОВ.