Актер Бауыржан Манатбекұлы: «Өнерге ғашық болу керек!»

Мам 2, 2025

Облысымызда жас та болсын театр саласында бірнеше жылдан бері табанды еңбек етіп жүрген өнерлі жастар баршылық. Солардың бірі – Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі Бауыржан Манатбекұлы. Ол өнерсүйер қауымға «Ричард ІІІ» қойылымында Ричардтың, «Джудит жасаған қиын таңдауда» Қарғаның, ал «Менің атым Қожада» Сұлтанның рөлімен танымал. Одан бөлек, өнер ордасының көптеген қойылымында бой көрсетіп жүр. Жуырда дарынды актермен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында шығармашылығы туралы әңгіме өрбіттік. 

— Бауыржан Манатбекұлы, белгілі жазушы Ғабит Мүсі-репов айтқандай, «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер». Сіз осы салаға қалай келдіңіз?

— Иә, мектеп қабырғасында білім алып жүргенімде театрға деген қызығушылығым оянды. Сол жылдары театрдың драмалық үйірмелеріне қатысып жүрдім. Одан бөлек, ағамның да ықпалы зор болды.  Ол кезде ағам Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Театр режиссері» мамандығы бойынша оқып жүретін.

Сол кісінің жанында жиі жүргендіктен бе екен, қызығу-шылығым одан сайын артты. Сөйтіп, қызығушылығым мақсатқа ұласып, театр әртісі мамандығы бойынша оқуға түстім. Ал Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрына 2016 жылы келдім. Ол кезде театрдың қазіргі көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов бас режиссер болатын. Негізі, екеуміз бір жоғары оқу орнында оқып, бір мұғалімдерден дәріс алдық. Алайда мамандықтарымыз әртүрлі болды. Ол «театр режиссері», мен «Актер» мамандығы бойынша білім алдым. Кейін қолымызға дипломымызды алғаннан кейін де байланысымызды үзген жоқпыз. Араға уақыт салып, ол осы театрға жұмысқа орналысты. Ол кезде өнер ордасында жастар қатары аз болғандықтан жас әртістерді жинауды мақсат етіп, шақырту жіберді. Сол жас әртістердің бірі мен болдым. Әрине, ұсынысты қуана қабылдадым.

— Театрда көп жылдан бері еңбек етіп келесіз.  Осы тұста «Әттеген-ай, мына рөлде былай істеуім керек еді» деген сәтіңіз болды ма?

— Ондай сәт кез келген қойылым барысында болады. Мұндай сәт театр әртісінің тәжірибесіне де қарамайды. Театр тірі организм болғандықтан, барынша шынайы ойнауға тырысамыз. Мәселен, киноға түсу барысында бірнеше мәрте кадр жасауға болатын болса, театрда мұндай мүмкіндік беріле бермейді. Егер «Қап, әттеген-ай» дейтін тұстар болса, қойылымның жазбаларын көріп, сол қателіктерді келесіде жасамауға тырысамыз. Актер бір деңгейде қалмауы қажет. Үнемі ізденісте болуы керек. Сонда ғана өзіне жүктелген кейіпкерін толық аша алады.

— Жуырда театрға Лондоннан үздік режиссер келген екен. Естуімізше, жаңа қойы-лымға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қойылым не туралы болмақ?

— Дәл солай. Бірнеше ай бұрын театрымызға Англияның Лондон қаласынан белгілі режиссер Овлякули Ходжакули келді. Ол —
Орта Азия елдерінен шыққан таңдаулы режиссерлердің бірі. Көптеген халықаралық фестивальдің жеңімпазы, лауреаты. Сондай-ақ, бұл адам Қазақстанның бірнеше қаласында өзінің режиссерлік жұмыстарын көрсетіп, көзге түскен болатын. Келесі кезекте Павлодар қаласында тәжірибесімен бөлісуде.

Аталмыш қойылым Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Режиссер Павлодар қаласына келмес бұрын бізбен 2-3 айдай онлайн форматта жұмыс істеді. Ал өзімен тікелей жұмыс наурыз айының басында басталды. Дайындық жұмыстары тыңғылықты жүруде. Қойылым өзімізге қызық. Себебі, жаңаша әрі ерекше бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Овлякули Ходжакули режис-серліктен бөлек сурет салумен де айналысады. Сондықтан бұл қойылымнан күтер үмітіміз мол. Жаңа қойылымның премьерасы мамыр айына жоспарланған. Әзірге нақты детальдарын айта алмаймын. Спектакльді тамашалаған соң көрермен әділ бағасын бере жатар.

— Бүгінге дейін әртүрлі жанрдағы рөлдерді сомда-дыңыз. Осы орайда, қай спектакльді ерекше атап өтер едіңіз?

— Шынымды айтсам, әр рөл мен үшін жақын. Әрқайсысының өз орны бар. Сондықтан ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Біреуі алғашқы басты рөлім болса, енді біреуі қиындықпен келген рөл. Мәселен, мен өзім комедиялық жанрда көп ойнай бермеймін. Сол себепті осы бағыттағы рөлім жақсы шығып жатса, ерекше қуанамын. Бірақ сағынып ойнайтын рөлдерім бар. Олардың қатарында екі жылдай тоқтап тұрған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымындағы Қодар рөлін ерекше атап өтуге болады. Бұл рөлді студент болып жүргенімде сомдағым келетін. Сөйтіп, арманым театр қабырғасына келгеннен кейін орындалды. Одан соң, көпке белгілі «Ричард ІІІ» қойылымындағы Ричардтың рөлін атай аламын. Негізі, екі-үш айдай сомдамаған кейіпкерлерімді ойнағым келіп тұратын кездер болады (күліп).

— Бір рөлді сомдауға қанша уақыт кетеді? Дайындық жұмыстары қалай өтеді?

— Ол қойылымның дайындығына байланысты. Рас, ізденуіне біраз уақыт кетеді. Қойылымға деген ізденіс қаншалықты көп болса, рөлдің жақсы шығуына септігін тигізері анық. Өзіме берілген рөлден жақсы нәтиже шығару үшін, жұмыс аяқталғаннан кейін де дайындаламын.

Негізі, әр спектакльге дайындалуға екі-үш айдай уақыт кетеді. Кейде қойылымға бір апта, тіпті бір-екі күн қалғанда белгілі бір себептерге байланысты әріптесіміздің орнын алмастырып жатамыз.

Меніңше, рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Эпизодтық болсын, басты рөл болсын бірдей дайындықты талап етеді. Кез келген кейіпкердің өзінің тарихы, мінез-құлқы болады. Яғни, рөл деген – тұлға. Жасаған әрбір бейнең тыңғылықты зерттеуге сұранады: «Ол кім?», «Қайдан жүр?», «Бұл сөзді неге айтып тұр?», «Не себепті мұндай әрекетке барды?», «Неге қылмыс жасады?». Міне, осы сауалдарға жауап табылғанда ғана толыққанды образ туады. Актердің жасаған әр рөлі оның сыртқы ғана емес, ішкі интеллектуалдық деңгейін де көрсетеді. Сахна деген — айна. Сондықтан біз үшін ізденіс, білім ауадай қажет. Сондықтан әртіс адам әрбір рөліне мұқият болып, аса сақтықпен келуі қажет. Менің актер ретіндегі басты ұстанымым – осы.

— Актердің өзі сомдаған кейіпкерінің рөлінен шыға алмай қалатын сәттері бола ма?

— Ондай сәттер кей актерлерде кездесетін шығар, алайда өзімде кездеспепті. Алайда кейіпкер болмысына қатты кіріп кету қателік секілді. Себебі театрдың аты – театр. Ол үшін де техника керек. «Трагедия ойнап жатырмын» деп бар күшті бірден сол рөлге салып тастауға болмайды. Ол адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Біз бір айда бірнеше кейіпкердің рөлін зерттейміз, ізденеміз, сомдаймыз. Онда трагедияның да, комедияның да, драма бағытындағы кейіпкерлер болуы мүмкін. Сондықтан бір кейіпкерге тіреліп, онымен өмір сүру қисынсыз. Иә, спектакльден кейін аздап үзіліс алу керек. Мәселен, қатты эмоция шығаратын қойылымда қажет болып жатады. Бірақ одан кейін де өзге рөлдерге білек сыбана кірісіп жатамыз.

— Егер отандық немесе шетелдік киноларға түсуге шақырту түссе, қабылдар ма едіңіз?

— Жалпы, бүгінге дейін бірнеше отандық сериалда бой көрсетіп үлгердім. Одан бөлек, халықаралық «Бауыр» қысқаметражды фильм3нде басты рөлді сомдадым. Бірақ соңғы екі жылдан бері түсірілім алаңында болған жоқпын. Өткен жылы «Ричард ІІІ» қойылымына дайындық барысында ұсыныстар түсті. Алайда басты жұмысым театр болғандықтан әрі жұмыс кестемнің тығыздығына байланысты бас тарттым. Қазіргі уақытта ұсыныстар түсіп жатса, қуана қабылдар едім. Себебі, киноға түсу де мол тәжірибе әрі өзінің кәсіби
тұлғасын қалыптастыра алады.

— Болашақта осы кейіпкерді сомдасам дейтін арманыңыз бар ма?

— Студенттік кезден қалып қойған бір арманым бар. Ол белгілі жазушы Тахауи Ахтановтың «Ант» атты драма дастанындағы Сауран батырдың рөлін сомдау. Дегенмен, осы кейіпкерлерді сомдасам дейтін кейіпкерлерім ақырындап өзіме келіп жатыр.

— Театр сахнасы киелі. Өнердің осы күрделі де қызық саласы күн санап дамуда. Актерлік шеберлікке қызығушылығы мол жастар саны күн санап артып келеді. Болашақ актерге қандай кеңес бересіз?

— Біз жастарға мамандығы-мыздың қыр-сырын үйреткен ұстаздарымыздың сөзін үнемі айтып жүреміз. Адам өнерге қызығушылықпен және ғашық болып келеді. Егер бұл салада қажырлы еңбек етемін, белгілі бір жетістікке жетемін десе, ол үшін алдымен өнерге ғашық болуы керек. Ал қызығушылықпен кез келген жерге бара алмайсың. Себебі, кез келген сәтте сүрініп қалуың мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте өнерге ғашық болу керек. Одан бөлек, жастарға айтарым, мықты актер болу үшін алдымен кітап оқу керек. Кейін театрлардың қойылымдарын тамашалып, өнер ордаларының тыныс-тіршілігімен танысса құба-құп.

— Әңгімеңізге рақмет! Өнер жолында жаңа табыстар тілейміз!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.