Аймағымызда есімі бар қазаққа ғана емес, әлемге мәшһүр әйгілі өнер майталмандары баршылық. Әсіресе, осы саланың ішіндегі ең қиын опера шығармасын жоғары деңгейде орындау екінің бірінің қолынан келмейді. Опера десе, есімізге жерлесіміз Шахимардан Әбіловтің есімі оралады. Жуырда опера әншісінің Абайға арналған «Толық адам, ой толғау, хәкім Абай» атты моно-опера, моно-реквием шығармашылық кеші өтті.

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Шахимардан Әбіловтың ақын Абайдың шығармасына арналған кеші Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Облысымыздың қоғам белсенділері мен өнер иелері жиналған кешке облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

– Операның жаңаша орындалуы ерекше әсер етті. Әрбір сөзі — терең философия. Абай адамға керек үш басты қасиетті айтты. Ол — ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек. Бұл моно-опера ұлы ойшылдың мұрасына жаңа серпін береді және өскелең ұрпақтың бойына адами қасиеттерді сіңіруге, өз елін, тарихын, халқын мақтан тұтуға бағытталған, – деп әсерлерімен бөлісті облыс әкімі. Өнер иесінің айтуынша, моно-опера – сахнадағы сирек жанрлардың бірі, ерекше орындау форматы. Мұнда музыкалық рефлексия мен жеке орындаушылық бірінші орынға шығады. Ынтымақтастық тыңдаушыларға Абай шығармашылығымен, оның рухани өсудің құндылығы туралы дүниетанымымен бетпе-бет танысуға мүмкіндік берді.

— Менің шығарма-шылығымда Абай рөлінің маңызы зор. Консерваторияны тәмамдайтын жылы дипломдық жұмыс ретінде орындаған бейне мен үшін барлық шығармашылығымның темірқазығына айналғандай. Әйгілі партияны қанша мәрте орындасам, өзім үшін сонша мәрте жаңалық ашамын. Абай бейнесіне кездейсоқ келген жоқпын. Ұзақ дайындықпен, ізденіспен келдім. Мәселен, ұлы ақынның сахнадағы бейнесін сәтті шығару үшін әуелі романс-тарын орындадым. Одан кейін ұлттық композиторларымыздың мұрасына ден қойдым. Абайға түсу үшін әлемдік классиканың озық майталмандары – Шуберт, Малер, Чайковский, Рахманиновтардың шығармаларын шырқадым. Абай маған үлкен мектеп болды. Нағыз шеберлігім шыңдалар сынақ болды десем де артық айтқандық емес. Міне, қанша жыл айтулы партияны орындап келемін, бірақ әлі күнге дейін кемеңгер бейнесінің кілтін таптым деп айта алмаймын. Қанша мәрте ойнасам да, бәрібір бірдеңе жетпей тұрады. Абай — мен үшін жұмбағы шешілмес түпсіз терең тұңғиық. Абыз рөлі кез келген өнер адамы үшін қалпақпен қағып алатын жай дүние емес. Бұл – классика, үлкен философия. Ойнап жүріп ойланасың. Тазарасың. Соны-сымен де Абай бейнесі биік, қастерлі, — дейді ол. Кеш барысында опера әншісі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегізаяқ» секілді сөздеріне жазылған әндерді шырқады. Залға лық толған көрермен орындарынан тік тұрып, ризашылықпен қол соқты. Аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы кеш иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ұлағатты ұстаздар тәлімін көре жүріп, өзі де үлкен бағбанға айналған музыка майталманы бүгінде 40-тан аса шәкірт тәрбиеледі. Олардың тең жартысы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие. Опера өнерінің мақтанышына айналған дүлдүл дарындардың арасында А.Ибраев, Д.Уашев, М.Тойкенов, Т.Мұсабаев, Д.Хамзина, Ж.Ғабдуллина, М.Шотабаев бастаған хас таланттар ұлттық өнерімізді тек ел аумағында емес, әлемнің үздік сахналарында мойындатып жүр.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.