Облыс орталығының іргесінде орналасқан Павлодарское ауылының тұрғындары үшін Республика күні қуанышы мол, есте қалар ерекшелігімен басталды. Ауылда мерейі үстем мерекеге орай 300 орындық мәдениет үйі ел игілігіне берілді.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, ауыл тұрғындарын Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ, аймақ басшысы ел игілігіне берілген жаңа нысанның алдағы уақытта ауыл халқының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастардың дамуы мен тынығуына септігін тигізер мәдениет ошағы болатынына сенім білдірді.
– Қазақстаннан шыққан тұңғыш КСРО Халық әртісі, күміс көмей әнші Роза Бағланова атындағы Мәдениет үйінің Республика күнінде ашылуының символдық мәні бар. Жаңа мәдениет шаңырағы барша ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналып, Павлодар қаласының мәдениет саласын одан әрі дамуына үлес қосатынына сенімдімін. Осы жайлы да әсем Мәдениет үйінің құрылысына атсалысқан баршаға алғыс айтамын, – деді облыс әкімі.
— Ел игілігіне беріліп, ауыл тұрғындарының рухани жаңғыруына өзіндік үлесін қосатын мекемеде алдағы уақытта еліміздің атын шығаратын талай жарық жұлдыздар шығатынына сенеміз. Бұл мәдениет ошағының ашылуын ауыл тұрғындары болып талай уақыт күттік. Енді міне, ұлттық мейрам күні қазақ опера және эстрада әншісі, КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың атымен аталған зәулім ғимаратқа ие болдық. Біз осы мәденит ошағынан небір күйші, небір әнші, небір бұлбұлдардың өсіп-өнуін, Қазақстанның жарық жұлдыздары шығуын армандаймыз, – деді З.Қамаров. Өнерге қанат қаққан жастардың талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында ашылған мәдениет ошағында домбыра үйірмесі, кітапхана, қолөнер, би үйірмелері орналаспақ. Сондай-ақ, заман талабына сай бой көтерген заңғар ғимаратта кішкентай балақайларға арналған арнайы үйірмелер ашылады. Сәулеті келіскен мәдениет үйінің жылу және су жүйесі орталықтандырылған, көрермен залы, хореография бөлімі, әдістемелік кабинет керекті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Естеріңізге сала кетсек, осыдан 30 жыл бұрын Павлодарское ауылында жергілікті мәдениет үйі өртеніп кеткен. Осы уақыт ішінде ауыл тұрғындарының өз ауылында іс-шаралар өткізуге, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігі болмады. Тек «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдар-ламасын жүзеге асыру шеңберінде аталмыш мәдениет үйінің құрылысы 2021 жылы басталып, күні кеше пайдалануға берілді. Мердігер – «КазЕвроСтрой» ЖШС.
А.МҰҚЫШЕВ.