Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатында балалар ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті. Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы сөз болды.

Музыкалық мектеп-интернатының кітапханашысы Алмагүл Бұзаубаеваның сөзінше, келесі жылы оқу орнында Мұзафар Әлімбаевтың оқуларын өткізуді жоспарлап отыр.

— Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне ең қажеті — жеткіншектердің кітап оқуға деген құштарлығын арттыру. Көркем әдебиет арқылы болашақ ұрпақтың тілі де, ойы да жетіледі. Биылғы жылы облысымызда көптеген әдебиет пен мәдениетте, өнерде орын алатын ірі тұлғалардың мерейтойлары облыс, республика көлемінде аталып өтілді. Сондай қоғам қайраткерлерінің бірі – Мұзафар Әлімбаев. Мұзафар Әлімбаевтың ұлы мұрасын ұрпаққа таныстыру —
біз үшін үлкен міндет, — дейді А.Бұзаубаева. Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған «Мұзафар Әлімбаевтың сиқырлы әлемі» атты әдеби-музыкалық кеште осы кешен басшысының оқу жөніндегі орынбасары Айсұлу Құниязова мен тәрбие жөніндегі орынбасары Ғалия Ермекова, кітапханашы Алмагүл Бұзаубаева және 6 «А»-сыныбының жетекшісі Маржан Ахмедиева және 9 «А»-сыныбының жетекшісі Бақтыгүл Байсельдинованың ұйымдастыруымен мәнді де мағыналы іс-шара өтті. Шара Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығына арналған «Өлеңім — сыйым халқыма» атты 7 минуттық деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, кешке кітапхана жанынан құрылған «Қызыл тіл» көркемсөз оқу үйірмесінің белсенді қатысушылары Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдерінен үзінді оқып, мақал-мәтелдерін жатқа айтты. Ал С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың кітапханашылары Г.Бұланбаева мен А.Қабышева М.Әлімбаевтың кітаптарынан көрме ұйымдастырды. Кешке арнайы шақырылған сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, 100-ден астам әннің авторы Асылбек Әбдікәрім Мұзафар ағамыздың шығармашылығы жайлы ой бөлісті. Облысымызға танымал «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің күміскөмей әншісі Ғалия Қабылбекова М.Әлімбаевтың сөзіне жазылған «Ақ сұңқарым» әнін нақышына келтіріп орындады.

А.БОРАНБАЕВА.