Ақкөл-Жайылма өңірінен небір дүлдүл өнер иелері шыққаны белгілі. Әнші Естайдың дара жолын жалғап, дәстүрлі ән өнерінің өрісін кеңейтіп жүрген жерлесіміз — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ербол Айтбаевтың 50 жылдық мерейтойы туып-өскен ауылында дүркіреп өтті.

Өнер тойына Астана қаласынан сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілік, белгілі күйші Сәрсенғали Жүзбай, ақын, жазушы, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай, ҚР Журналистер одағының филиалының төрағасы Болат Аманбаев, т.б. құрметті қонақтар қатысты. Белгілі кәсіпкер Орынбасар Әлиев мерейтой иесіне ат мінгізсе, Екібастұз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов әншінің иығына шапан жапты. Ербол Айтбаев Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын халық аспаптар факультетінде халық әні кафедрасын ҚР халық әртісі, профессор Қайрат Байбосыновтың класы бойынша тәмәмдаған. Ол – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің республика көлемінде ғана емес, шетелдерде насихатталуына ат- салысып, өзіндік орындаушылық қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. Тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген дүлдүл әнші Ербол Айтбаев бүгінде Торайғыров университетінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Шәкірттері – республикалық, аймақтық ән байқауларының лауреаттары. Дәстүрлі өнердің кеңінен насихатталуына зор үлес қосып келе жатқан Ербол Хамитұлының «Алқаракөк» аудиодискісіне таспаланған халық әндері мен халық композиторларының асыл мұралары «Қазақ радиосының» алтын қорында. Республикалық «Қазақстан», «Хабар», «Еларна» телеарналарындағы «Ауылдың алтыауызы», «Алтыбақан», «Жеті саз» бағдарламаларында оның орындауында оннан аса ән жазып алынды. «Қазақтың мың әні» антологиясына енген Ербол Айтбаевтың орындауындағы «Алқаракөк», «Аққурай», «Қоштасу», «Сарымойын», «Жігіттік» әндері дәстүрлі ән жауһарларының қатарынан. Мерейтойда сөз алған Амангелді Кеңшілік: «Өнер адамдарын өмірден өткеннен кейін бағалап, шын бағасын көзі тірісінде бере алмай жатамыз. Ердің жасы елуге келген Ерболдың әніне тамсандық. Керемет әннен кейін сөз айту – артық» десе, ақын Серік Елікбай: «Қазақ өнерінде өзгеше өркешті, бояуы қанық, стилі бөлек әнші. Алдындағы сара жолмен жеткен ірі әншілердің бүгінгі көмескі жеткен көлемді алтыны. Ерболдың әншілік қуаты – сахнаға сыймайтын даланың әншілік қуаты» деп бағалады. Біржан сал, Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай сияқты халық композиторлары мен халық әндерін насихаттаушы Ербол Айтбаев өте сирек кездесетін қою, диапазоны кең дауысымен Қали Байжанов, Темірболат Арғынбаев сынды дүлдүл әнші-орындаушылардың ізін жалғастырды. Ербол Хамитұлы ән орындауда оның табиғи нақышын бұзбай, байыта отырып, шығармаға ерекше әр беріп орындайды. Ол ән айтқанда әр дыбысы тыңдаушы жүрегінің қылын тербеп, шығармаға ерекше жан бітіріп, әннің де, тыңдаушы талғамының да үдесінен шығып жүрген майталман әнші. Тыңдарман жүрегіне жол тауып, атадан қалған асыл мұраларымызды ұрпақ жадына сіңіріп насихаттауда талмай еңбектеніп келе жатқан бірден-бір талант иесі. Өзіндік орындаушылық шеберлігімен ерекшеленетін әнші кең тыныс, асқақ орындаушылықты талап ететін «Бүркітбай», «Жиырма бес», «Қорлан», «Шама» сияқты көптеген әндерді қайта түлетті. Мерейтойда «Дарын» мемлекеттік сыйлығынын лауреаты Күнсұлу Түрікпен, Мәдениет саласының үздігі Медғат Манапов, көптеген ән байқауларының лауреаттары –Дәуренбек Сләмғали, Салтанат Қисатова, Жанболат Байсолтан, Әсел Ботаева, Нұрбол Мұхит, Ербақ Құрметжан, Архат Қайратов сынды жез таңдай, күміс көмей әншілер, он саусағынан күй төгілген өнерпаздар – күйші Талант Тежекенов пен Аспандияр Болатбай өнер көрсетті. Мерейтой аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сыяпат жасалды.

 

Торғын ОРАЗАЛЫ.