Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры кезекті 35 маусымның шымылдығын ашты. Жаңа маусым Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымын сахналаудан басталды.

Театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов жаңа маусымдағы жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша, алдағы қазан айында әлемге белгілі ақын Уильям Шекспирдің шығармасына негізделген «Ричард ІІІ» туындысы көрермендерге жол тартпақ. Туындынының суретшісі де, режиссері де — Ресей қаласынан келген суретші Сергей Левицкий.

— Осы маусымда «Ұждан» қойылымымен бастауды жөн көрдік. Өйткені, эксперименттік бағыттағы спектакль аз уақыттың ішінде көптің ыстық ықыласына бөленді. Келесі айларда осы қойылыммен 4 бірдей театр фестиваліне қатысып, бағымызды сынаймыз. Екеуі – халықаралық, екеуі республикалық деңгейде өтеді. Әртістер кезекті маусымға сақадай сай. Театрымызда еңбек еткен 3 әртісіміз отбасылық жағдайларға байланысты жұмыс орнын Алматы қаласына ауыстырса, 8 жас маман әріптестеріміздің қатарына қосылды. Оның 3-уі осы қойылымда алғашқы дебютін бастады, — дейді Ә.Ақанов. Маусым премьераларға толы. Осы жылы У.Шекспирдің шығармасынан бөлек, қараша айында жазушы Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» шығармасы қойылады. Режиссері – Жангелді Садық. Ал желтоқсан айында өнер ұжымы кішкентай көрермендерді қуантпақ. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бүлдіршіндерге ертегі ұсынылады. Бұдан бөлек, келесі жылға да жаңа туындылар жоспарланбақ.

Айсұлу ЖАРЫЛҚАСЫН, көрермен:

— Театрдың жаңа маусымын асыға күттім. Өткен маусымда «Ұждан» қойылымына келе алмаған едім. Енді көруге мүмкіндік туды. Туынды көңілден шықты. Жыладық та, күлдік те. Бастысы, әртістер спектакльдің мәнін, маңызын жеткізе алды. Осындай қойылымдар жиі қойылса деймін.

Айдана БОРАНБАЕВА.