С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың кітап қоры жаңа еңбектермен толықты. Аталмыш кітаптар «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюджеттік бағдарламасы шеңберінде келіп түсті.
Сондай еңбектердің бірі — Гүлнәр Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабы. Ол — әдебиеттің естелік-эссе жанрында жазылған ерекше дүние. Олай дейтін себебіміз, кітап авторы Г.Дулатова — Алаштың арыстарын көзі көрген жалғыз жан. Гүлнәр Дулатова — қазақтың арыс ұлдарының бірі — Міржақып Дулатовтың жалғыз қызы. Кітап Алаш арыстарының көсемі — Әлихан Бөкейхановтан бастап, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және т.б. қазақтың зиялы қауымының өнегелі өмірлері мен істеген қызметтері, кейінгі қилы-қилы тағдырлары жүйелі түрде жатық тілмен баяндалған. Сонымен қатар, асыл азаматтарымызды серік етіп, оларға өмірлік жар болған аяулы аналарымыздың да кісілік бейнелері, Кеңес үкіметінің тартқызған тауқыметтері де табиғи қалыпта әңгімеленген. Кітапта Г.Дулатованың өз өмірінің де сан салалы тұстары шынайы шындықпен парақталған. Аталмыш кітап — бүгінгі қазақ қоғамының рухани, тарихи, әдеби қорына қосылған асыл қазына. Сонымен қатар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы-ғының иегері, жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Телқоңыр» кітабы оқыр-мандарға жол тартты. Кітапта «Телқоңыр» романы мен «Назқоңыр» пьесасы ұлттық шертпе күй өнері Қаратау мектебінің негізін қалаған даңқты күйші Сүгір Әліұлының өмірі мен шығармашылығына арналған. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті жазушы Сапарғали Бегалиннің ғұмыр жолы мен шығармашылығы туралы «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген «Сапекең» кітабы оқырман назарына ұсынылды. Құрастыру-
шы — Г.Бегалина. Бұл кітапта қазақ балалар әдебиетінің атасы саналатын дарынды жазушы, адамгершілік қадір-қасиеттерімен, көркем мінезімен өмірде етене араласқан адамдардың көңіл түкпірінен өзіндік орын алып, естерінде мәңгі сақталып қалған Сапарғали Ысқақұлы Бегалиннің ғұмыр жолы мен шығармашылығы туралы баяндалады. Оның жақын жандарының әңгімелерінен, сондай-ақ, замандас жазушы-әдебиетшілердің естеліктерінен қалам-герліктің шығармашылық және зерттеушілік қабат-қырларына жан дүниесімен беріліп, бар өмірін соған арнаған дана, рухани тұрғыда бай да парасатты адамның бейнесі көз алдыңызға келеді. Кітаптағы жеке тараулар С.Ы.Бегалиннің түп-тегін лайықты жалғастыра білген ұлдары жайында сыр шертеді. Басылым жеке адамдар тағдырының шежіресі іспетті туған Қазақстанның тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі ертегілер, әңгімелер, тақпақтар мен жұмбақтар, аударма ертегілер мен балалар ақын-жазушыларының кітаптары жарық көрді. Мәселен, М.Әлімбаевтың «Алақай, балақай», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Өсиет», Жаңабек Шағатайдың «Бірінші сыныптың баласы», Өтепберген Ақыпбекұлының «Құпия оқулық», Уразбай Мусаевтың «Сусыма. Ертегілер», «Қырық өтірік. Ертегі» атты ертегілермен толықты. Осы кітаптар жас оқырмандарды ізгілікке, адамгершілікке баулитыны сөзсіз. Келіңіздер, жаңа кітаптарды бірге оқиық!
Жазгүл ҚАЖЫБАЕВА,
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы.