Тарихтың тың олжасы

Шіл 9, 2026

Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері Алтын Орда кезеңінің археологиялық ескерткіштерін зерттеуге бағытталған экспедициялық жұмыстарын жалғастыруда. Ғылыми зерттеу Ертістің сол жағалауын, Қызылқақ көлінің маңын, сондай-ақ Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтып отыр. Экспедиция кезінде XIV–XV ғасырларға тиесілі кесене орны мен сирек кездесетін тарихи жәдігерлер табылды.

Экспедицияның маңызды бағыт-тарының бірі – Жантай қонысы. Мұнда жүргізілген археологиялық қазба барысында алғашқы кезеңнің өзінде ірі сәулет нысанының болғанын аңғартатын құнды деректер анықталды. Бұған көптеп кездескен күйдірілген кірпіштер мен лидар және георадар арқылы жүргізілген зерттеу нәтижелері дәлел болып отыр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, көлемі 25×25 санти-метр болатын кірпіштер Алтын Орда дәуірінде кеңінен қолда-нылған құрылыс материалдарының қатарына жатады. Дәл осындай кірпіштер сол кезеңде сарайлар, мешіттер, кесенелер және өзге де монументалды ғимараттарды тұрғызуға пайдаланылған.

Қазба жұмыстары кезінде жерлеу орындарының іздері мен саз ерітіндісімен қаланған ортағасырлық қабырға қалдықтары да табылды. Алдын ала жасалған ғылыми болжамға сәйкес, Жантай қонысынан табылған сәулет кешенінің қирандылары XIV–XV ғасырларда өмір сүрген дала ақсүйектерінің кесенесі болуы ықтимал. Сонымен қатар, оның айналасынан сол дәуірге тән ауқымды қорым анықталды.

Археологтар тауып алған барлық нысан арнайы роботтандырылған геосканердің көмегімен цифрлық нұсқаға көшіріліп, олардың 3 өлшемді үлгілері әзірленді. Бұл алдағы уақытта тарихи ескерткіштің бастапқы келбетін виртуалды түрде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Студенттердің өндірістік тәжірибесіне жетекшілік етіп жүрген Асқар Әбілдиннің айтуынша, экспедиция Алтын Орда кезеңінің тарихын тереңірек тануға жол ашып қана қоймай, болашақ археологтардың кәсіби машығын шыңдауға да септігін тигізеді.

Қазба барысында металл әшекейлер мен моншақтардан тұратын бірегей топтама да табылды. Рентген-флуоресценттік сараптама олардың қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары қола қорытпасынан жасалғанын көрсетті. Археолог Елена Тушеваның пікірінше, бұл дерек Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңірінде металл өңдеу ісінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.

Зерттеу кезінде сырттан әкелінген моншақтар мен табиғи таралу аймағы Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағының табылуы да ерекше назар аудартты. Биоархеолог Наталья Миллердің бағалауынша, бұл жәдігерлер Ұлы Дала мен Оңтүстік Азия арасындағы ежелгі сауда-саттық байланыстарының нақты айғағы болып саналады.

Экспедиция жетекшісі, Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, анықталған жаңа олжалар өңірдің тарихи даму үдерісіне қатысты ғылыми деректер қорын толықтырып, Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын жан-жақты зерделеуге тың серпін береді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.