Павлодарлық қаламгер Нұрбек Кеңесбай «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында «Балаларға арналған шығарма» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен байқау Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналды.

Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы Дала» республикалық шығармашылық байқауы осымен төртінші мәрте ұйымдастырылды. Байқауға қатысушылар бес аталым бойынша бақ сынады: «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма». Бұдан бөлек, байқауда «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылды. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға барлығы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і ақтық кезеңге жолдама алды. Сонымен, біздің жерлесіміз Нұрбек Кеңесбай «Балаларға арналған шығарма» аталымы бойынша бірінші орынды иеленді. Айта кетейік, павлодарлық қаламгерлер екі жыл қатарынан осы аталымдағы бас жүлдені ешкімге бермей келе жатыр. Былтыр аталған номинацияда ақын, сатирик Алпысбай Хонж үздік атанған болатын.

Өз тілшіміз.