????????????????????????????????????

Қазақтың жауһар жырларын тыңдап өсу бір бөлек, ал оны көңілге құйып, жүрекпен сезініп, домбыраның сүйемелдеуімен тыңдарманға жеткізу бөлек өнер. Дәстүрлі ән өнері — халқымызбен біте қайнасып келе жатқан асыл қазына. Ата-баба мұрасына адалдық танытқан дәстүрлі әншілеріміз біздің аймағымызда да баршылық. Солардың бірі – ҚР Мәдениет қайраткері, «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Жәнібек Мәліков.

Дауысы дара, болмысы бөлек Арқа әндерінің насихатшысы Жәнібек Мәліков төлтума өнердегі қайталанбас дарын еді. Сәби күнінен өнерге құлшынған талант иесі шабандоз, әнші бала атанып ел аузына ерте ілінді. Бозбала шағынан бастап дәстүрлі өнердің туын көтеруге біржола кірісті. Әнші 1988 жылы Алматы қаласында өткен термешілер байқауы тәрізді сайыстардан жүлдемен оралып, дәстүрлі ән өнерінің абыройын асқақтатты.

Ел «Жәнібек сал» атағын берген өнер иесі, қазақтың танымал мәдениет қайраткері Қайрат Байбосыновтың батасын алды. Тұрымтай тұсына кеткен тоқсаныншы жылдары да өнерден алыстамай, жанұялық ансамбль құрды. Павлодар, Екібастұз, Семей, Қарағанды қалаларында, ел ордасы Астанада бірнеше рет концерт берді. Таланттың шынайы өнерін тарландар да жоғары бағалады. Дегенмен, өткен жылы қоңыр үні көрерменге жақсы таныс, Жәнібек сал атанған дара өнерпаздың ғұмыры 59 жасында үзілді.

Жуырда Екібастұз қаласындағы «Өнер» қалалық мәдениет сарайында Жәнібек сал Қадысұлына арналған «Атадан қалған аманат» атты еске алу кеші өтті. Кеш шымылдығы Ертіс-Баян өңірінің мәдениетіне саналы ғұмырын арнаған дәстүрлі әнші жайлы дайындалған бейнефильммен ашылды.

Шара барысында Көкше елінің айтыскер ақыны Құдайберлі Мырзабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев, қазақ өнерінің жанашыры, астаналық Рамазан Сәттібай, Баянауылдың ақыны Жұмкен Сейітов сынды өнердегі әріптестері қатысып, жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, әншінің ұрпақтары мен шәкірттері өнер көрсетіп, сахнада әншінің сүйікті әндері шырқалды.

Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медығат Манапов жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, кеш иесінің жарына гүл шоқтарын ұсынды.

Өз тілшіміз.