Жылдағы дәстүр бойынша тамыз айының соңғы жексенбісінде елдегі шахтерлер кәсіби мерекесін атап өтті. Бұл ретте екібастұздық кеншілердің орны ерекше. Себебі еліміздегі көмірдің жартысына жуығы дәл осы шаһарда өндіріледі.

Кеншілердің мерекесі ресми түрде 1947 жылдың тамызында бекітілді. Сол уақытта «Құрметті шахтер» атағы да алғаш рет табысталды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Екібастұзда көмір өндірушілердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шаралар ұйымдастырылып, бір топ қызметкердің осы саладағы табанды еңбегі еленді. Мерекелік кешке облыс әкімі Асайын Байханов та қатысып, игі тілегін білдірді.

— Екібастұздың дамуы көмір өнеркәсібінің дамуымен тікелей байланысты. Кеншілердің еңбегі біздің аймағымыз үшін өте маңызды. Бұл жұмыс төзімділікті, батылдық пен адалдықты талап етеді. Бүгінде кеншілер астанасында осынау даңқты кәсіптің бірнеше ұрпағы қалыптасты. Біз Екібастұз кеншілерінің еңбектегі ерліктерін әрқашан есімізде сақтаймыз. Сіздерге мықты денсаулық, бейбітшілік, жанұяларыңызға амандық және еңбекте табыс тілеймін, — деді аймақ басшысы. Асайын Қуандықұлы үздік разрез қызметкерлеріне белгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады. Мерекелік концертте жергілікті өнерпаздар мен отандық эстрада өкілдері – Райм, Ғаділбек Жанай, Қайрат Нұртас өнер көрсетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.