Еліміздің Ұлттық мерекесі –  Республика күніне орай облысымызда 450-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның екі жүзден астамы – мерекелік концерттер. Айтулы күн қарсаңында бірқатар жаңа нысандар ашылып, сауда орындарында жеңілдіктер қарастырылмақ.

Бұл жөнінде облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов мерекені атап өтуде «Әділетті Қазақстан – адал азамат» ұлттық тұжырымдамасы негізге алынады, деді. Яғни, барлық іс-шаралар жемісті істер мен шығармашылық қызметтің нәтижелерінің көрсеткіші болмақ. Мерекенің бірыңғай нышаны ретінде бүркіт бейнесі белгіленген. Логотипі де бекітілген. Екі логотип жасалыпты. Біріншісі мерекелік іс-шараларды өткізуде және барлық елді мекендерді безендіру кезінде пайдаланылса, екіншісі әлеуметтік желілерде қолданылады. Ал облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның мәлімдеуінше, облыс орталығындағы қос театрда мереке қарсаңында қойылымдар көрсетіледі. Өңіріміздің музейлері мен архивтерінде, кітапханаларында тақырыптық сурет-құжаттық, кітап көрмелері ұйымдастырылмақ. 24-ші қазан күні Естай атындағы Мәдениет сара-йында салтанатты кеш өтеді. Бұл концертте биыл өңірімізде мерейтойлары аталып өткен алыптардың шығармалары шырқалмақ. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жүрек тулап шабасың», Естай Беркімбайұлының «Құсни-Қорлан», Мұзафар Әлімбаевтың «Ақмаңдайлым» және «Маралдым» әндері орындалады. Сондай-ақ, кеш қонақтары — елімізге әйгілі «МузАрт» тобы, Дариға Мұсабаева, Әділ Ахметов.  Мерекеге орай барлық қала-аудандарда Мемлекеттік әнұранды көпшілікпен орындау, патриоттық шығармаларды орындау, үйлердің қасбеттері мен терезелеріне туды ілу сынды флешмобтар өтпек. Ал Республика күні, яғни, 25-ші қазанда Мемлекеттік рәміздер алаңында көк байрағымызды көкке көтерудің салтанатты сәті болады.  Облыс басшысы барлық мерекелік іс-шаралардың мазмұнды, сапалы өтуіне мән беруді тапсырды.

 

Г.МАҒЖАН.