Павлодар қаласы Кенжекөл музыка мектебінде облыс, республикаға кеңінен танылған ардагер ұстаз, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Май ауданының құрметті азаматы Қайырбек Сәтиевтің туғанына 75 жыл толуына орай «Әнім әнге жалғассын» атты еске алу кеші өтті.

Қайырбек Мұфтанұлы Кенжекөл музыка мектебінің ірге тасын қалап, әрі осы мекемеде алғашқы директор болып қызмет атқарған болатын. Сондықтан аталмыш мекемеде композитордың мерейтойына орай шараның ұйымдастырылуы заңды болды. Кешке жиналғандардың арасында Кенжекөл ауылдық округі әкімінің орынбасары Ә.Баязитов, Қайырбек ағаның жұбайы Ә.Ғазизқызы, інісі Б.Мұфтанұлы, қарындастары Қарлығаш, Гүлсім,, Қайырбек ағаның досы Т.Қабиұлы, әріптесі, зейнеткер ұстаз М.Бокошқызы, П.Васильев мұражай үйінің қор сақтаушысы Т.С.Корешкова, Кенжекөл ауылы көпшілік кітапхана меңгерушісі А.Жұмабайқызы және өзге де туған-туыстары мен қонақтар болды. Кештің ашылуында халықаралық, республикалық, облыстық байқаулар мен өнер фестивалдерінің лауреаты, ұстаз, әнші, өзіндік үні бар сазгер Қ.Сәтиев ағамыздың өмір жолы мен шығармашылығы туралы кеңінен айтылып өтті. Сондай-ақ, бейне- баян арқылы сазгердің өмірлік өнегесі көрермендер назарына ұсынылды. Кенжекөл ауылдық кітапханасы әзірлеген кітап көрмесі көрсетілді. Қонақтар әнші-сазгер Қ.Сәтиев жайында естеліктерімен бөлісті. Кешті жүргізушілер келгендерге сұрақ бере отырып, мектеп ұстаздары, оқушыларымен емен-жарқын сұхбат өрбітті. Музыка мектебінің басшысы Ш.Р.Джагопарова талантты сазгер Қ.Сәтиев ағамыздың артында тамаша әндері қалғанына тоқтала келіп, шуаққа толы шығармаларын бүгінде өзі өнерге баулыған шәкірттері, мектеп оқушылары, сахна майталмандары орындап жүргенін айтып өтті. Жан-жақты дайындалған кеш әсерлі болып өтті. Осы орайда Қ.Сәтиев өмірі мен шығармашылығы жайында көп материал жинақтап, бейнебаян дайындаған кітапханашы еңбек ардагері А.К.Жармағанбетованың еңбегі зор екенін атап өту керек. Кенжекөл музыка мектебі оқушылары мен ұстаздары дайындаған концерттік бағдарлама да көптің көңілінен шықты. Қонақтар кеш ұйымдастырушыларына  ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

 

Өз тілшіміз.