Өткен аптадан бастап Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Графика фест» атты графика фестивалі өтуде. Онда әлемге танымал 20-ға жуық қылқалам шеберлерінің картиналары ұсынылған.

Аталмыш көрмеде Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Евгений Сидоркин, Сергей Калмыков, Үке Әжиев, Павел                             Зальцман, Алексей Бортников, Сахи Романов, Құлахмет Хожықов, Макум Кисаметдинов, Салихитдин Айтбаев, Арсен Бейсембинов, Регина Великанова, Сергей Калмыков сияқты отандық танымал қылқалам шеберлерінің графикалық туындыларымен қатар шетелдік суретшілердің шығармаларын көріп тамашалауға болады. Алғашқы графикалық бейнелер адамзат қоғамы дамуының ең ерте кезеңдерінде – неолит пен қола дәуірінде пайда болып, ежелгі адамдар мүсін мен кескіндеме тәжірибелеріне бет бұрғанға дейін графика өнерінің негізін қалаған алғашқы сызбаларды жасап қалдырған. Бізге жеткен бұл бейнелер әдетте жартастарға, үңгірлердің қабырғаларына және сүйек тақталарына сызылып орындалған. Бұл бейнелер күнделікті пайдаланатын тұрмыстық құралдармен қатар қару-жарақтарда және киелі-діңи мағынасы бар жәдігерлерде сақталған. Аталмыш сызбалар оқиғаларды және қоршаған әлемді сипаттап қана қоймай, ұзақ уақыт бойы адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етіп, жазуды алмастырған. Графика тілі және оның негізгі бейнелеу құралдары сызық, штрих, контур, нүкте және тон болып табылады. Түс пен реңдер графика саласында көмекші көрнекі құрал ретінде қолданылады. Кескіндемешілерден айырмашылығы — графика суретшілері сия немесе қарындаштың бір түсімен шығармашылық ете отырып, бұл ретте тек жазық емес, сонымен қатар үш өлшемді кескіндерді де сала алады. Кескінді орындау әдісіне қарай «графика» түсінігі суреттелген немесе бірегей графика және баспа немесе тарылымдық графикасы сияқты екі үлкен бағытқа бөлінеді. Бірегей графика – сурет, эскиз, монотипия, коллаж секілді бір данада жасалатын туындылар болса, баспа графикасы – суретшінің өзімен немесе авторлық құқықтың сақталуымен көмекші шеберлердің арнайы баспа құрылғылары арқылы техникасы мен қажеттілігіне байланысты екі-үш баспадан 500-ге дейін 1000 данаға дейін эстамп таралымы жарық көріп басылады. Көрмеде қарындаш, акварель, сия суреттерімен қатар офорт, монотипия, линогравюра, литография, экслибрис сияқты бірегей және баспа графикасының 100-ден астам үлгілері мен баспа және кітап безендіру тарихын баяндайтын құнды жәдігерлері орын тапқан.

Өз тілшіміз.