Екібастұз қаласында еліміздің тіл жанашырлары бас қосты. Онда мекемелерде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жайы сөз болды.

Екібастұз қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәлімдеуінше, «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен ұлттың үні, тәуелсіздіктің тірегіне айналған мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, мекемелерде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты республикалық конференция өтті.

Игі шараның арнайы қонағы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы өз сөзінде «Ана тілі – халықтың жан дүниесі, рухани негізі» екенін атап өтті.

– Осы орайда әрбір Қазақстан азаматы тіл білуді мақсат тұтып, ниет етіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе мемлекеттік тілді меңгеретіні анық. Ана тілімізді қастерлеп, құрметтеп, биік тұғырда ұстау – әрбір азаматтың парызы, – деді ол.

Айтулы шараның да басты мақсаты -мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту.

– Мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы. Менің ешбір тілге қарсылығым жоқ. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, баршаңызды ана тілімізді қадірлеуге, ұлықтауға шақырамын, – деді Оразкүл Асанғазықызы конференцияға келген қауымға алғысын білдіріп.

Айта кетейік, конференцияға Екібастұз қаласы әкімдігінің дербес бөлімдері, кәсіпкерлер мен құқық қорғау органының қызметкерлері, кәсіпорындар, емханалар мен білім беру мекемелері қатысты.

Өз тілшіміз.