Еңбек күніне орай Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Ресей фотосуретшілері одағының мүшесі, Славян орталығының басқарма мүшесі, павлодарлық фотосуретші Александр Пархоменко мен ұлы Дмитрий Пархоменконың «Қазақ халқының бейматериалдық мәдени мұрасы» атты фотокөрмесінің ашылуы өтті.

Александр Васильевич Пархоменконың жұмыстары көптеген экспозицияға қатысып, Югославия, Чехословакия, Германия, Болгария, Испания, Франция, Аргентина, Венгрия, Польша елдерінде өткен көрмелерде жоғары бағаға ие болып, марапатталған. Көрмеде ұсынылған жұмыстар қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі қолөнерін айқын көрсетеді. Фотосуреттердің басым бөлігі қазақ халқының сәндік– қолданбалы өнеріне арналған. Сол арқылы күнделікті үй тұрмысында, киіз үй жабдықтарында қолданылған заттардың әсемдігін байқауға болады. Сонымен қатар, Еңбек күні қарса-ңында «Қауіпсіз еңбек: профилактикадан нөлдік жарақаттануға дейін» атты өңірлік форумында музей қызметкерлері Николай Кузнецовтың фотокөрмесін ұйымдастырды. Николай Кузнецов фотожурналистика саласында 40 жылдай еңбек етті. Еңбек жолын Новосібір облыстық «Юность Сибирь» газетінде фототілші болып бастаған. Ол Нижневартовск мұнайшыларын, Кемерово көміршілерін суретке түсірді. «Ғасыр құрылыстары» фототілшінің сүйікті тақырыбына айналды. Ол Новотроицктегі әлемдегі ең ірі домна пештерін, Ақсудағы ферроқорытпа пештерін, Екібастұз ГРЭС-1-дегі алғашқы каръерлерді және бірінші блоктың іске қосылуын ерекше қырынан түсірді. Қазақстанға көшіп келген Николай Кузнецов кәсіби қызметінің басым бөлігін ҚазТАГ-қа арнады. Жиырма жылдан астам уақыт бойы басты ақпараттық агенттіктің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет етті. Бүгінде сол дәуірдің ең маңызды оқиғаларын бейне-лейтін фотосуреттердің үлкен мұрағаты сақталған.

 

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.