Баян Қайнышева. Бұл жанның есімі Екібастұз тұрғындарына ғана емес, ел көлемінде жақсы таныс. Олай деуге негіз бар. Өйткені, кеншілер шаһарында көздің жауын алатын мүсін мен ескерткіш осы өнер иесінің қолынан шыққан. Жақында Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде мүсіншінің жеке көрмесі ашылды.

Баян Құрманқызы туынды-ларының көпшілігін саз балшықтан, гипстен, бетоннан жасайды. Сонымен қатар, тоқыма және кесте тігумен айналысады.

— Көрмеге гипс, керамика және аралас техникада жасалған 60-тан астам қуыршақты әкелдім. Бір-біріне ұқсамайды. Осы өнер жолындағы алғашқы мүсінімде әкемнің келбетін жаңғырттым. Ол бұл дүниеден ерте кеткен соң оған деген сағынышты басу үшін осы мүсінді жасадым, — дейді ол. Мүсін өнерінің шебері назарын кешегі халықтық бейнелерге аударады. Оның шығармаларында қазақтың тұрмыстық және жауынгерлік өмірі, даланың жайдары балалық шағы, кәрілік, жастық, батылдық және сұлулық бейнеленген.

– Болашақта жаңа стильдерді меңгеруді, түрлі заманауи бағыттарды сынап көруді жоспарлап отырмын. Бұл — Павлодар қаласындағы алғашқы көрмем. Келесі көрмелерде жаңа бұйымдарды ұсынамыз, — деп уәде берді шебер. Жоғарыда айтып өткендей, Екібастұз қаласында Баян Қайнышеваның қолынан шыққан қазақтың атақты қайраткерлерінің мүсіндері мен бюсттері көп. Олардың қатарында Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Естай Беркімбаев ескерткіштері бар. Коллекцияда трамвай бөлімінің бірінші басшысы, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Джафар Махмудовтың бюсті де бар. Павлодарлық өнертанушы-лардың пікірінше, мүсіндер кейіпкерлер мен эмоцияларды жандандырады. Бұл көрерменге қазақ мәдениетінің ғажайып мұрасын сезінуге мүмкіндік береді. Әрбір туындының өзіндік тарихы мен терең мағынасы бар. Ол көрерменді өткеннің қайталанбас ерекше күйіне батырары сөзсіз.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Константин Шелков.