Өткен аптада елімізде металлургтер күні атап өтілді. Ақсу қаласының ірі кәсіпорындарының — Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері де бұл кәсіби мерекеде құрмет-қошеметке бөленді.

Зауыт басшылығы барлығы 500-ге жуық қызметкеріне кәсіби мерекелері – Металлургтер күні қарсаңында марапат табыс етті. Жылдағыдай Құрмет тақтасының ашылу салтанаты өтті. 33 үздік қызметкердің суреті ілінген тақтада озық инженерлер, балқытушылар, слесарьлар мен монтерлер және зауыт мақтанышы атанған өзге де мамандары бар. Құрмет тақтасына ілінген қызметкерлердің жалақыларына бір жыл бойы 20% сыйақы төленеді.

– Құрметті кәсіп – металлургия саласы өзінің күшіне сенімді адамдарды біріктіреді. Бұл салаға бірнеше ұрпақ сүбелі үлесін қосты. Бүгінгі металлургтер өздеріне дейінгі аға буынның ізін жалғап, олар бастаған игі дәстүрді абыроймен сақтап, Ақсу ферроқорытпа зауытының даңқын асқақта-туда, — деді марапаттау салтанатында Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев. Үздіктердің үздіктері Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет үйінде марапатталды.

– Зауытта жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылға жуықтады. Жыл сайын мұнда үздік қызметкерлерді марапаттайды. Бұл жолы өзім толқып тұрмын. «Қазхром» ТҰК» АҚ Бас директорының Құрмет грамотасына ие болдым. Ерекше қуаныштымын, — дейді электр жабдық-тарын жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі электр монтері Сергей Васильев. Биыл қаңтар айында Ақсу ферроқорытпа зауыты 55 жылдық мерейтойын атап өтсе, Металлургтер күні – барша Ақсу тұрғындарының көптен күткен мерекесі. Мерекелік шаралар қалалық саябақта өтеді. Онда балаларға арналған ойын-сауық аймағы ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Зауыт батыры» деп аталатын күш сынасу шоуы өтеді. Онда ERG кәсіпорындары – «Евроазиаттық энер-гетикалық корпорациясы» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ және Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысшылары бақ сынаспақ. Мерекелік кеш металлургтерге құрмет көрсету салтанаты жалғасады. Думанды кешті қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертке ұласады.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.