Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры өңірімізге 5 жылдан соң гастрольдік сапармен қайта келді. Өнер ұжымы 10-14 мамыр аралығында павлодарлық көрермендерге үздік деген 5 туындыны ұсынды. Қойылымдар көрермендердің көңілінен шыққаны соншалық, олар орындарынан тұрып ұзақ қошемет білдірді.
Гастрольдік сапардың салтанатты ашылуына облыс әкімі Асайын Байханов, зиялы қауым өкілдері, қазақ өнерінің жанашырлары және театрдың тұрақты көрермендері жиналды.
Салтанатты ашылу рәсімін Қазақстанның Еңбек Ері, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов бабалардың сөзімен бастап, құттықтау сөз сөйледі.
— Кешті ұлылардың сөзімен бастауымның себебі, Ертіс-Баян — ұлылардың өлкесі. Бұл жерде ұлы ойшыл, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді тұлғалар дүниеге келді. Осындай тұлғалар дүниеге келген мекенде тұрып жатқан әр азаматтың бойын мақтаныш сезімі кернеуі керек, — деді А.Әшімов.
Театр басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек М.Әуезов театрының алда келе жатқан 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған екі жылдық шығармашылық іссапарды қолдаған ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігіне, Павлодар облысының әкімдігіне алғыс білдірді.
Ал Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек М.Әуезов театрының ұжымына облыс әкімі Асайын Байхановтың Құттықтау хаты мен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 10 томдық шығармалар жинағын табыстады.
Гастрольдік сапардың алғашқы күнінде өнер ұжымы жергілікті көрермендер назарына ақын Абай Құнанбаевтың қарасөздеріне негізделген «Қара» қойылымын ұсынды. Пікірталас формасында қойылған бұл спектакльде жалғыз кейіпкер – Абай. Ал өзге отыз бес актер — басты кейіпкердің ойында маза бермей жүрген сауалдар. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып ұлттық құндылық-тарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейді.
Айта кетейік, Ұлттық театр аймағымызда 5 күн өнер көрсетті. 11 мамырда Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», 12 мамыр күні Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», 13 мамырда Бернард Шоудың «Сүйікті менің періштем» қойылымдары көрсетілсе, 14 мамыр күні Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» туындысына негізделген спектакльмен гастрольдік сапарды қоры-тындылады.
Әзиза МАХАМБЕТҚЫЗЫ, театрдың тұрақты көрермені:
— Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының тұрақты көрерменімін. Әр қойылымын қалт жібермеймін. Алматы қаласынан М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры келеді дегенде қатты қуандым. Әсіресе, көптен бері «Қара» туындысын тамашалағым келіп жүрген. Қойылымның көңілден шыққаны соншалық, өзіме үлкен ой тастады. Әртістердің барлығы өз кейіпкерлерінің жан күйін жеткізе алды. Айтар ойы бар спектакль болды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.