Киіз басу – қазақ халқының байырғы заманнан келе жатқан ерекше қолөнер түрлерінің бірі. Аяулы аналарымыз бен асыл әжелеріміздің он саусағынан туған бұл өнер – шеберліктің биік үлгісі. Әсіресе, көздің жауын алатын қызылды-жасылды оюлар адамдарға әсемдік әлемін паш ететіндей. Сол себептен болар, ықылым заманнан бүгінге дейін әр қазақтың үйінде шаңырақтың көркі болған киіз еш маңыздылығын жойған жоқ. Солардың ішінде жүннен басылған заттарды пайдаға асырып, әр істің көзін тауып, үйлестіре білген жанның бірі – қолөнерші Самал Қайнарбекова.

Соңғы жылдары ұлттық нақышта безендіріліп, қолдан жасалған бұйымдар көбейіп келеді. Әрине, сапасы мықты, дизайны көркем, заманауи сәнді бұйымға сұраныс қай кезде де жоғары болмақ. Кейіпкеріміз көз майын тауысып, адал еңбегінен туған туындыны кәсіпке айналдырған. Шебердің соңғы үлгіде жасаған бұйымдары көздің жауын алып, тұтынушы арасында сұранысы артып келеді. Қолдан шыққан туындысы жібектей жұмсақ, тақиясы мен аяқ киімі көздің жауын алады.

Самал Майлыбайқызының айтуынша киізден күнделікті өмірде қолданатын заттарды дайындауға болады. Мысалы, текемет, сырмақ, гүл салатын құмыра, аспашам, киімдердің түр-түрін жасауға мүмкіндік бар. Бұл материал денсаулыққа зиянсыз.

– Қолөнерге бала кезден қызықтым. Алайда киіз басу ісін тек 2013 жылы қолға алдым. Бастапқыда киізден үйге киетін аяқ киімдер, балаларға арналған жылы шұлықтар жасадым. Кейін қызығушылығым артып, түрлі сөмкелер, картиналар жасай бастадым. Бүгінде киізден тақия, аяқ киім, мойынорағыш, картина және панно жасаймын. Анам да қолөнерден, ісмерліктен алыс емес. Мүмкін, соның да әсері болған шығар. Өнермен айналысу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Мұндай бұйым алдымен қыздарды әсемдік пен сұлулықты көріп, бағалай білуге талпындырып, шығармашылыққа баулуы тиіс. Сондай-ақ, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге, жауап-кершілікке үйретеді. Өзінің жұмысқа деген ептілігін ұштап, шыдам-дылыққа баулиды, – дейді С.Қайнарбекова.

Киіз басу – ежелден келе жатқан дәстүр. Бұл өнердің біздің заманымызға дейінгі ғасырда қазақ даласына кеңінен таралғаны мәлім. Ата-бабамыз қай жерді мекен етсе де, киізден түрлі бұйым әзірлейтін болған. Дегенмен, қазіргі уақытта пима киіп, үйіне текемет төсейтін қазақтар аз. Бұл пікірмен кейіпкеріміз де келіседі.

– Киізден жасалған бұйымдарға сұраныс төмен. Өйткені, көп жағдайда адамдарға киізден дайындалған аяқ киім, бас киім ыңғайсыздық тудырады. Себебі, киіз қаттылау, денені тітіркендіреді. Алайда қазіргі заманның технологиясымен жасалған бұйымдарды алған тұтынушылар ерекшеліктерін, табиғи тазалығын атап өтеді, – дейді шебер.

Мұндай әсем дүниелердің бағасы да заттың сапасына сай. Бас киімдердің орташа бағасы 7000 теңге болса, аяқ киімдердің бағасы 25 мың теңгені құрайды.

Қолөнершінің сөзінше, бір аяқ киімді дайындауға 1 аптаға жуық уақытын арнайды.

– Аяқ киімді дайын боялған жүннен жасасам шамамен 6-7 күн уақыт кетеді. Шикізатты әр жерден сатып аламын. Мысалы, үйде киетін аяқ киімге Тараздың меринос жүнін, дала аяқ киімдеріне шетелдің корридейл, бергшаф жүндерін, жұқа көйлектерге италия меринос жүнін пайдалануға болады. Жасайтын затыма байланысты жүннің талшығының жіңішкелігін таңдаймын. Мәселен, аяқ киімнің жүні жуан болса, жұқа киімдікі жіңішке болады. Сонымен қатар, бұйымдарға табиғи, таза мата, өсімдік талшықтары да қосылуы мүмкін. Олар ерекше әсемдік береді.

Шынын айту керек, мен жасаған жұмысымның барлығы бірдей шедевр деп айта алмаймын. Көңілім толмайтындай жұмыстарым да бар. Шыңдалудың шегі жоқ, сондықтан мен күнделікті жаңаны танудан, үйренуден жалықпаймын. Жалпы, жұмыстың сәтті шығуы көңіл-күйге байланысты болып жататыны рас. Энергия ағымы жарық, жылы, таза ой санадан өтіп, қол жұмысында керемет нәтиже беретінін ғалымдар да дәлелдеген ғой. Сондықтан мен жұмысқа кірісерде барлық жағымсыз ойлардан арылып, тек алдымдағы материал мен ою-өрнекпен үнсіз үндестік құруға тырысамын, – дейді ол.

Қазақтың аталмыш қолөнері кейінгі ұрпаққа үлкендердің тек естелігімен ғана айтылып, көне жәдігерлер мекенінен іздеп жүріп көретін сирек өнерге айналып кетпесе екен дейміз.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.