Бүгінгі таңда облыс орталығындағы кейбір көшелерде бағдаршамның жоқтығы жазатайым оқиғалар мен жол-көлік апатына себепші болуда. Мәселен, қаланың кіреберісінде Омбы-Майқапшағай тас жолында қауіпті жаяу жүргіншілер өткелі бар. Аталған жол учаскесінде ай сайын жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Жергілікті тұрғындар осы өткелден өтерде өмірлерін «бәйгеге тігетінін» айтады. Қала билігі болса, бұл тұста бағдаршам орнату оңай шаруа емес екенін алға тартуда.

Бір апта бұрын аталған жол учаскесінде тағы да бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жылдамдық ережесін сақтамаған кезекті көлік иесі бірнеше адамды қағып кетті. Салдарынан екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Жалпы, бағдаршамы жоқ жол өткелдерінде мұндай жағдайлардың жиі болатынын болжау үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Былтырғы жылмен салыстырып қарағанда осы жылы облыста жол-көлік оқиғаларының айтарлықтай артқаны байқалады. Тиісінше апат салдарының да аз болмағанын өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Бұл жағдайдың бәріне жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы себеп болды деуге негіз жоқ. Оқиғалардың бірі жүргізушінің ағаттығынан болса, екіншісі қажетті жол белгілері мен бағдаршамның орнатылмағандығынан болып жатады. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың мәліметінше, ағымдағы жылдың өзінде Омбы-Майқапшағай тас жолында 9 адам көлік астында қалған. Екі адам жол апатынан қайтыс болды.

– Бір апта бұрын аталған жол учаскесінде жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірқатар тексерулер тағайындалды. Емдеу негізінде ауру тарихына байланысты қосымша тексерулер тағайындалады. Негізінен, аталмыш жол бөлігі тәртіп сақшыла-рының үнемі бақылауында жүреді. Хим қалашығының шеңберінен басталып, Павлодарское ауылына дейінгі аралықта патрульдік бағыт орналастырылған, — деді Ж.Қайыров. Полиция департаменті бұл жолды тұрақты негізде автопатрульдік бақылауда ұстап, барлық жылдамдықты бұзу фактілері тіркелетініне сендіргенімен қала тұрғындары бағдаршам орнату керек деп дабыл қағуда. Мәселен, бір жыл бұрын осы жол өткелінде оқушы қызын көлік қағып кеткен Ақылбек Сағитжанов есімді азамат соңғы уақытта бұл жолда мұндай оқиғалар жиілеп кеткенін айтты.

— Бір апта бұрын бұл жол өткелінде екі адамды көлік қағып кетті. Менің қызыммен де жыл басында осындай жағдай болған. Ағымдағы жылдың 1 ақпанында оны жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып, қызым ауыр хәлде екі айға жуық ауруханада жатты. Бұл жерге бағдаршам керек деп неше рет хат жаздық. «Баяғы жартас сол жартас». Енді міне, алдымызда қыс мезгілі келе жатыр. Жолдың беті көктайғаққа ұшырайды. Тұман болады, қар жауады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің көру қабілеті нашарлайды. Бағдаршамсыз бұл өткел одан сайын қауіпті бола түспек, — деді ол. Сондай-ақ, Центральная көшесі, 21-інші үйдің тұрғыны Майра Темірғалина да көршісінің сөзін құптап, аталған жол учаскесіне бағдаршам орнату туралы арызбен қалалық әкімдікке бірнеше рет шағымданғанын жеткізді.

— Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі осы жаяу жүргіншілер өткелінде орын алып жатады. Тіпті кейбір оқиғалар адам өліміне әкеліп соқтыруда. Жұрт болып жол мәселесін айтып талай рет бас көтердік. Бірақ түйткіл әлі де шешілген жоқ. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған белгінің тұрғанына қарамастан жүргізушілер жылдамдықты сақтай бермейді. Ал біз немере-шөбере бағып отырған әжеміз. Сол себепті кішкентай балаларды мектепке жіберуге қорқатын болдық. Әсіресе, көлік саны да, қозғалысы да күннен-күнге артып келе жатқан мұндай жолдарда бала түгілі өзіміз, жан-жағымызға қарап, жалтақтап өтеміз. Күндіз осындай қарбаласта жолаушы да, жүргізуші де жаттанды, үйреншікті жолымен өте шығып, ережені бұзбауға, бұзса да білдіртпеуге тырысады. Ал, кешқұрым әлдебір жүргізуші жол жиегіндегі тұрған жаяу жүргінші белгісін көрмей, сол тұста жылдамдықты қатты асыра өтіп, бір тұрғынның өміріне қауіп төндірсе кімді кінәлаймыз?, — дейді қарт ана. Иә, айтылған уәждің жаны бар. Қазіргі уақытта бұл жолдың екі бағытында да жолақ тұр. Әрі «жаяу жүргіншілер жолы» белгісі де орнатылған. Тек бағдаршам ғана жетіспейді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда
Павлодарда 185 бағдаршам бар. Ал Омбы-Майқапшағай тас жолындағы аталған қауіпті жол өткеліне бағдаршам орнату жұмыстары 2024 жылдың сәуір-мамыр айына жоспарланған. Айта кетейік, шаһарда қосымша бағдаршамдарды орнату мәселесі полицейлердің ұсынысымен жүзеге асады. Тәртіп сақшылары жол- көлік апаттары жиі орын алатын көшелерді анықтап, қала әкімдігінің бөлім мамандарына ұсыныс жасайды екен. Әкімдік осыдан соң тиісті шара қабылдайды. Иә, байқағанымыздай, бағдаршам орнату оңай шаруаға ұқсамайды. Сондықтан қалалықтарға жол бойында абайлап жүруден басқа айтар кеңесіміз жоқ.

Суретті түсірген –  Есенжол Исабек.