Еліміз өзін тәуелсіз деп жариялап, егемендікке қол жеткізгелі биыл, міне, 33 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде елдігіміздің жалауы болған мемлекеттік Әнұран, Ту, Елтаңба, ұлттық валютамыз, территориялық шекарамыз белгіленді.

Атадан қалған асыл да құнды қазыналарымызды қорғау мақсатында 1992 жылы 10 қаңтарда ҚР Президенті жарлығымен ҚР ІІМ Ішкі әскері құрылды. Ал 2014 жылдың 21 сәуірінде ҚР Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылған еді.

Ата-бабамыз көзінің қарашығындай қорғап келген ұлан-байтақ даламыз жер асты қазыналарына аса бай. Әсем табиғаты мен құнарлы топырағы көрші мемлекеттердің көз жауын алатыны, өзге халықтарды қызықтырмай қоймайтыны белгілі. Бүгінгі осы бейбіт тіршілігіміз кешегі өткен көреген даналарымыз бен батырларымыздың бізге қалдырған теңдессіз байлығы деп есептейміз. Көпұлтты мемлекетімізді бір орталыққа бағындырып, бірлікте ұстап отырған Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында асымыз адал, еңбегіміз елеулі. Осы бейбітшілікті қорғауда қашанда алдыңғы шепте қалқан болатын Ұлттық ұланның жүгі аса ауыр. Сондықтан әскери қызметімізді адал атқарып, болашақ ұландарымызды қанаттандыру, олардың Отан алдындағы борышын бойларына сіңіру – біздің ең бірінші міндетіміз болса, елімізді сыртқы және ішкі жаудан қорғау – биік борышымыз деп білеміз.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының әскери қызметкерлері алдарына қойылған қызметтік-жауынгерлік міндеттерді толық және сапалы орындай отырып, өз мақсаттарын растап, еліміздің ішкі қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ете алатын және барлық өңірде жағдай күрделенген кезде құқық қорғау және лаңкестікке қарсы бағыттағы міндеттерді жоғары сапалықпен шеше алатын күшке айналып отыр. Осыған орай, жыл сайын қаңтар айының 10-шы жұлдызы Ұлттық ұланның дәстүрлі мерекесі ретінде аталып, әскерлеріміздің ерекше құлшыныспен әскери және тәрбие жаттығулары, концерттік қойылымдары қойылады. Ұлттық ұланымыздың айбыны асқақтап, күш-жігері әркез мықты болсын!

 

Мұса Сәдуақасов

№6679 әскери бөлімі командирінің

Тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары, майор.