Торайғыров университетінде әділет генерал-майоры, КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері және ҚР ішкі істер органдарының Құрметті ардагері Рүстем Қайдаровтың құрметіне криминалистика аудиториясы ашылды.

Рүстем Есімханұлының жоғары білім беру жүйесіне де тікелей қатысы бар. Ол ҚазМЗУ криминалистика және сот сараптамалары кафедрасын басқарды және білікті заңгерлерді даярлауға көмектесті.

— Университет аудиториясына ұлы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің және басқа тұлғалардың есімдерін беру дәстүрі бұрыннан бар. Осылайша, біз өз ісі арқы зор табысқа жеткен, қоғамға пайда әкелуге тырысқан және өзі туралы ғана емес, замандастары мен болашақ ұрпақтары туралы да ойлаған азаматтарға құрмет көрсетеміз. Рүстем Есімханұлы Қайдаров дәл осындай адам болған. Ол өз Отанын жақсы көретін және отандастарына тек жақсылық тілейтін патриот болды. Жастар осындай ерлерден үлгі алса, құба-құп, — деп атап өтті жоғары оқу орнының ректоры Еркін Садықов. Рүстем Қайдаровтың ғылыми-педагогикалық салада атқарған еңбегі ерен. ҚР ІІМ және МТК тергеу қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарында сабақ берді. Сондай-ақ, ҚР және ТМД басылымдарындағы ғылыми мақалалар мен жарияланымдардың, Қазақ КСР қылмыстық іс жүргізу кодексіне түсініктеме авторларының бірі. ТМД Парламентаралық Ассамблеясында (Санкт-Петербург қ.) бірқатар модельдік кодекстерді әзірлеу бойынша ҚР Парламентінің жұмыс тобының құрамына кірді. Айта кету керек, Торайғыров университетінде заттай дәлелдемелерді алу және зерттеу бойынша практикалық сабақтарға арналған арнайы жаттығу кешені орналасқан криминалистикалық полигон жұмыс істейді. Бұл полигон елдің құқық қорғау жүйесінде жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды шыңдауға, сондай-ақ болашақ түлектердің кәсіби даярлығын арттыруға көмектеседі.

Өз тілшіміз.