Мектеп – әрбір адамның үлкен өмірге жол ашатын білім мекені. Қаншама жан қасиетті орданың табалдырығын аттап, алтын ұяда білім нәрімен сусындайды. Ұлағатты ұстаздардан тәрбиенің төркінін түсініп, сауатын ашады. Бұл ретте, біліммен қатар жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыру маңызды.

Жақында Тереңкөл ауданы Песчаное ауылында №1 мектепте алғашқы әскери дайындық пәні сыныбының ашылу салтанаты өтті. Жас сарбаздар кабинетіне қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция капитаны Фарид Қақабаев есімі берілді. Салтанатты жиынға батырдың туыстары, ішкі істер органдарының ардагерлері, жергілікті полиция басшылығы, жас полицейлер мен мектеп оқушылары қатысты. Шараға қатысушыларға, сондай-ақ, жас сабаздар кабинетінің оқушыларына елінің болашағы үшін еңбек етіп, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқының құрметіне бөленген полицейдің ерлігі мен өмір жолы туралы жылы естеліктер айтылды. Сонымен қатар, салтанатты жиында ресми түрде мектеп оқушыларына «Жас сарбаз» куәліктері табысталды.

Полиция капитаны Фарид Хамитұлы 2008 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты. Батырдың жора-жолдастарының айтуынша, он сегіз жылдық қызмет барысында Фарид Хамитұлы қызмет көрсетілетін учаскенің әріптестері мен тұрғындары арасында үлкен құрметке ие болды. Ол қызметтегі жетістіктері үшін бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталып, екінші және үшінші дәрежелі «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, сондай-ақ, ІІБ мен АІІБ-нің көптеген көтермелеулерімен наградталған.

– Оның жоғары іскерлік пен кәсіби қасиеттерімен қоса, батылдық пен ерлігі бір төбе болатұғын. Батырдың құрметіне кадет сыныбын құрудың мақсаты жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу, пайдалы дағдыларды дамыту. Сыныптың құрылуына ұстаздардың, ата-ананың қолдауы үлкен септігін тигізді. Оқушылардың білім-ғылымға деген ынтасы артып, бойларына ерекше намыс-жігер құйылып, елге деген сүйіспеншілік сезімдері күшейгендей. Алға қарай да осы қалыптарынан танбай, бірлесіп жұмыстану нәтижесінде талай асуларды бағындыратында-рына сеніміміз мол, – дейді Фарид Қақабаевтың әріптес достары.

Айта кетейік, кадет сыныбына болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді, Отан қорғаушы болуды армандайтын үздік оқушылар таңдалды. Балаларға кез-келген деңгейде әскери істің негіздері үйретіледі. Жалпы, сабақтар ҚР «Білім туралы» Заңы аясында өтетін алғашқы әскери дайындық пәні Калашников автоматын шашып, оны тез тазалап, жинау бойынша бағдарламаның теориялық негізіне сүйеніп өткізіледі. Сонымен қатар, бұл сабаққа оқушылардың әскери формада келуінің өзі балалардың жан дүниесіне әсер етіп, Отанға деген шынайы сүйіспеншілікке бөлейді.

Бұдан басқа, Тереңкөл ауылын-дағы №2 мектебінде Ахметқалы Жұмабекұлы Тезекбаев атындағы кадет сыныбы ашылды. Қызметтік борышын өтеу барысында ерлік пен батырлық танытып, қылмыскер қолынан қаза тапқан полиция капитаны Ахметқалы Тезекбаев 1983 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста қол жеткізген табыстары үшін ІІБ және АІІБ бұйрықтарымен бірнеше рет көтермеленді.

Кадет сыныбының салтанатты ашылуында құқық қорғау саласының ардагерлері сөз сөйлеп, батырдың әріптестері алдағы уақытта болашақ жас сарбаздар бұл сыныпта әскери дайындық пәнінен дәріс алатынын айтты. Сабақ өтерде оқушыларды ширатып алу үшін ел қорғаған батыр бабаларымыз туралы әңгімелер айтылып, қазақ халқының ерлік жолы дәріптелмек. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін әртүрлі әдістерді пайдалана отырып, бейнематериалдар көрсетіледі, алғашқы әскери дайындық дағдысы қалыптастырылады.

А.МҰҚЫШЕВ.