Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында халықпен тиімді байланыс орнатып, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару –
мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екенін айрықша атап өткенін білеміз. Бүгінде ел тыныштығы мен тұрақтылығын, халықтың қауіпсіздігін сақтайтын құқық қорғаушылардың қатарында ер азаматтармен қатар нәзік жандылар да бар. Сондай-ақ, жауапкершілігі мол бұл қызметті абыроймен атқарып жүрген отбасылар да жетерлік. Кәсіби мейрам қарсаңында осындай бірқатар мереке иелері туралы материалдар топтамасымен бөлісуді жөн көрдік.

 

Погон таққан сұлулар

Күнделікті атқарып жүрген еңбегі арқылы ерекше құрметке бөленіп жүретін мамандық иелері болады. Олардың қатарында нәзік жанды қыздар да кездеседі. Азаматтардың құқығын қорғаушы, қылмыскерді құрықтаушы полицей дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық. Алайда бұл әйелдер тәртіп сақшысы бола алмайды деген сөз емес. Елімізде қаншама мың нәзік жандар заңның тұтастығын күзетіп, аталған мамандық бойынша жұмыс істеп жүр. Осындай жандардың қатарында –
Ақсу қаласы полиция бөлі-мінің анықтау бөлімінің анық-таушысы Динара Дүйсенбаева да бар.

Динара Дүйсенбаева бала кезінен полицияда қызмет етуді, қоғамға қажет маман иесі атануды армандады. Сондықтан колледжді бітіргеннен кейін 2014 жылы көші-қон полициясы бөліміне жұмысқа орналасып, ауданаралық тіркеу-емтихан жұмысы тобының инспекторынан кейін жоғары оқу орнын тәмамдайды. Сондай-ақ, 2017 жылы Қарағанды экономикалық университетін бітіріп, 2018 жылы Екібастұз қаласының полиция басқармасына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қызметіне қабылданады. Ал 2022 жылы Ақсу қаласы полициясы анықтау бөлімінің анықтаушысы лауазымына ауыстырылып, бүгінгі күнге дейін осы міндетті абыроймен атқарып келеді.

Динара Мырзатайқызының айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау саласының барлық қызметтері мен бөлімшелерінде әйелдер қауымы көптеп кездеседі. Нәзік жандылар өздеріңе жүктелген міндеттерін сапалы әрі уақытылы орындап, берілген тапсырмаларына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды.

– Полиция қызметі мен отбасын біріктіру мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін, бірақ, олай емес. Яғни, өз қызметіңмен қатар қамқор ана мен адал жар болу үшін ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі таңда полиция қызметі тек ер адамның жұмысы болып есептелмейді. Полицияда нәзік жанды қыздар да қызмет етеді. Олардың қатарында тергеушілер мен анықтаушылар, жедел уәкілдер, кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспекторлар, іс жүргізу, штабтық, кадрлық қызметтер және басқа да бөлімше қызметкерлері бар. Өз өмірін полиция қызметімен байланыстырған әйелдерді ортақ нәрсе біріктіреді. Ол – мамандыққа деген адалдық, – дейді Динара Дүйсенбаева.

Бүгінгі таңда полиция капитаны өз кәсіби міндетін жетілдіруді тоқтатпайтын тәжірибелі қызмет-керлердің алдыңғы қатарында тұр. Бос уақытын үнемі отбасымен бірге өткізетін тәртіп сақшысы жанұясының қолдауы оған жаңа биіктерге жетудегі қиындықтарды жеңе отырып, алға жылжуға көмектесетінін айтады.

 

Өз ісінің маманы

Қазақ тарихында қыздарымыз сұлулықтың ғана емес, адалдық пен ақылдылықтың да белгісі болған. Тәуелсіздік алғаннан бері қоғамда әйелдердің маңызы арта түсті. Барлық салада әйелдердің өз үлестерін қосып, қызмет етіп жүргенін ерекше атап өтуге болады. Оның ішінде ішкі істер саласында да ерлермен бірдей қызмет атқарып жүрген шенді арулар бар. Солардың бірі – Сымбат Әшімова.

Қызметтің алғашқы күнінен бастап ол полицияда жұмыс істеу жоғары жауапкершілікті қажет ететінін түсінді. Барлық жаңа тапсырмаларды мұқият орындап, институттық білімін практикамен нығайта түсті. 2008 жылы университетті бітіргеннен кейін басқарманың бухгалтерлік қызметіне ауысып келген Сымбат Әшімованы әріптестері білікті маман, қамқор ана және адал жар деп таниды. Оның талай жылғы табанды еңбегі мен кәсіби тәжірибесі оған қарапайым қызметкерден бастап, полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы лауазымын лайықты атқаруға мүмкіндік берді.

– Біздің шығыстарымыздың негізгі баптары – жалақы, салық аударымдары, жеке құрамға түрлі өтемақы және ынталандырушы төлемдер. Бөлімнің қаржылық қызметі жоғары деңгейде болуы үшін жалақы уақытында есептелуі керек. Қажетті жабдықтар тез арада сатып алынып, үнемі жетілдіріліп отыруы тиіс.  Сондай-ақ, заңнамадағы барлық өзгерістерден хабардар болу өте маңызды. Мұның бәрі басшылық пен әріптестерді қапа қылдырмау үшін мүмкіндігінше жылдам әрі сапалы жасалуы керек. Сол себепті мен қойылған міндеттердің сапасына да, орындалу мерзіміне де аса жауапкершілікпен қараймын, – дейді ол.

Бүгінде Сымбат Әшімова өзі таңдаған мамандығына адалдық танытып, қызметінің ауырлығына қарамастан, ерлермен қатар бір деңгейде қызмет атқарып келеді. «Есептеуде қателесуге болмайды» демекші, еңбекқорлығының арқа-сында атқаратын жұмысына өте жауапты. Оның айтуынша, «қызмет болған соң, ер, әйел деп бөлінбейді. Погон таққан соң, кез-келген тапсырманы орындап, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруымыз керек» дейді ол.

– Қаржы саласы болған соң бұл қызметіміз үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оның үстіне полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін қиын сала. Дегенмен бала тәрбиесі сияқты үйдегі міндеттер тағы бар. Кейде жұмыстан қол тимей жатқан кездерде, отбасым маған үлкен демеу береді. Мен үшін отбасы – адалдық пен қолдаудың, махаббат пен тыныштықтың аймағы. Тұрақ-

сыз жұмыс күндері жақындары-ңыздың қолдауы өте маңызды. Жұбайым Миратпен бірге Самира мен Рамина есімді екі сүйкімді қыз тәрбиелеп отырмыз, – деп толықтырды ол.

 

Отбасын байланыстырған қызмет 

Әр салада бір мамандықты өмірлік азық етіп, бір кәсіпте бірге қызмет етіп жүрген жандар жетерлік. Алайда күні-түні қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығын күзете жүріп, отбасындағы бірлік пен тыныштықты сақтап жүру – әркім көтере бермейтін жауапты міндет. Осындай қиындықтарға қарамастан, бүгінде полиция қызметінде отбасылық жұп болып қызмет етіп жүрген қызметкерлер бар. Солардың бірі – Нөке жұбы.

Руслан Нөке 2009 жылы Ақтөбе заң колледжін бітірген соң Оңтүстік полиция бөліміне учаскелік полиция қызметкерінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Қазіргі таңда осы бөлімде аға жедел уәкіл лауазымында қызметін жалғастыруда. Осы жерде ол жан серігі Әсемгүлді кездестіреді. Әсемгүл Алматы академиясында білім алып, 2014 жылы ішкі істер органдарына қызметке келді. Еңбек жолын Оңтүстік полиция бөлімінде тергеуші болып бастап, 2017 жылдан бастап аға тергеуші қызметін атқаруда.

– Жалпы, ішкі істер органдарында қызмет ететін отбасыларда отансүйгіштік, ар-намыс, қызметтік борыш сияқты ұғымдар – жай сөз емес, жарқын үлгі. Біздің жанұяда да дәл солай. Болашақ жарыммен жұмыста танысқан
болатынмын. 2014 жылдың жазында біз жедел-тергеу тобында тәуліктік кезекшілікке бірге түстік. Әріптес болғандықтан, бірте-бірте танысып, араласа бастадық. Осылайша 2018 жылдың қыркүйек айында шаңырақ көтердік. Бүгінгі күні Әлихан есімді 3 жасар ұлымыз бар, – дейді Әсемгүл.

Адамның қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолына арнауды өмірлік мақсаты еткен Руслан мен Әсемгүл
Нөке жұмыстарының тығыздығына қарамастан, демалуға да уақыт тауып, туыстары мен жақындарына да көңіл бөліп тұрады. Ерлі-зайыпты полицейлер өздерінің кәсіби мерекелері қарсаңында барша отбасына мейірімділік, түсіністік
пен келісім тілеп, әріптестер қауымын мерекелерімен құттықтайды.

 

Өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – тәртіп сақшыларының алдында тұрған ең басты міндет. Жалпы, облыста қылмыстық жағдай тұрақты деуге болады. Күн сайын көшедегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тәртіп сақшылары мен сарбаздар да атсалысады. Қылмыстық жағдайды тұрақтандырып, көшелер мен көпшілік жиі шоғырланатын қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері жедел шаралар мен рейдтер тұрақты жүргізілді.

Бетті әзірлеген – А.МҰҚЫШЕВ.