Павлодар облысының полицейлері алкоголь өнімін заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша тұрақты негізде рейдтік шаралар жүргізуде. Нәтижесінде тәртіп сақшылары 70-тен астам заң бұзушылықты анықтады.

Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сауда нүктелерінің барлық иелері алкоголь өнімдерін сату бойынша заң талаптарын сақтамайды. Мұндай заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция күнделікті түрде алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерін бақылау және анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді.

– Железин ауданына қарасты ауылдық дүкендердің бірінде сатушы заң талаптарын сақтамай, 21 жасқа толмаған ауыл тұрғынына 2 құты сыра сатты. Сондай-ақ, осы ауданның көршілес ауылында тағы бір сатушы алкоголь өнімін сатуға рұқсат етілмеген уақытта ауыл тұрғынына арақ сатқан. Барлық құқық бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады департаментте.

А.МҰҚЫШЕВ.