Әскери қызметті жетілдірудің жолы қандай?

Қаз 8, 2026

Әскер – мемлекеттің қауіпсіздігі мен егемендігіне қорған болатын ең маңызды институт. Дегенмен, осы саладағы кейбір заңсыздық мен тәртіпсіздік бүкіл қоғамның наразылығын күшейтіп, әскерге деген сенімсіздікті азайтты. Соңғы уақыттарда болған оқиғалардан кейін Қазақстан Республикасының Президенті — ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше шұғыл жиын өткізіп, жедел тапсырма берді. Себебі, бұл салада түйткілді мәселе шаш-етектен. Тіпті, бүгінгі әскерлер өткен ғасырда қалып қойғанын айтты. Ендеше, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігіне толыққанды жауап бере алатын кәсіби сапалы әскери жүйе құрудың жолы қандай? Осы сауалымызға «Алаң» айдарының спикерлері жауап берген болатын. 

Төлеген КОКУМБАЕВ,

«Ауған соғысы және локальдық соғыстар ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қоры басшысының орынбасары:

– Еліміздің ішкі және сыртқы тұрақтылығы мен тыныштығы ұлттық қарулы күштерімізге тікелей байланысты. Бұл бағытта қазір көп кемшілік орын алуда. Сондықтан, әлемдегі АҚШ, Қытай секілді озық елдердің тәжірибесін қолдана отырып, мықты жоғары кәсіби армия құруға болады. Бұл елдер қорғаныс саласынан бюджет аямайды. Өкінішке қарай, біздің билік қорғаныс саласына көңіл бөлмей келеді. Соның зардабын өткенде ғана көрдік. Каспий теңізінде болған жағдайға қарасақ, сарбаздарға туристер қолданатын жилеттер берген. Ал нағыз кәсіби қорғаныс саласының жилеттері ең кемі 150 мың теңгеден жоғары болу керек. Екінші, жоғары кәсіби қорғаныс қызметін қалыптастыру үшін келісімшартты әскерлердің санын арттыру. Себебі, қазіргі Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп жатқан жігіттердің көбі соғыс жағдайына дайын емес. Бір жыл ішінде үйрене алмай келеді. Үшінші мәселе, казармадағы тәртіпті түзеу керек. Бұл жерде сарбаздардың тәртібі мен қауіпсіздігіне жауапты командирлер екені белгілі ғой. Сондықтан, ең тәжірибелі мамандар сонда болуы тиіс. Бұрын «командир –

сенің әкең де, шешең де болады» деп сіңіретін, біз де соларға бағынатынбыз. Сосын, бұрын әскердегі қатаң талап тек тәртіп үшін қызмет ететін. Яғни, ескі әскерлер командирлердің нұсқауы бойынша сарбаздарды тәртіпке үйрететін жүйе еді. Қазіргідей қатыгездікке ешкім жол бермейтін.

 

Лилия ХАЙРУЛЛИНА, 

«Сердца матерей» сарбаздар ата-аналарының комитетінің өкілі:

– Әрбір ата-ана өзінің баласын дін аман оралуын қалайды. Біз осы мәселе бойынша бірқатар ұсыныс әзірлеп, оны жауапты министрлікке жолдадық. Ең алдымен, әскери бөлімдердегі психологиялық қызмет тәуелсіз болу қажет. Психолог әскери бөлім командиріне тікелей бағынышты болса, сарбаз өзінің жеке мәселесін ашық айта ала ма, әрине жоқ. Сондықтан тәуелсіз әскери-психологиялық қызмет құруды ұсынамыз. Сонымен бірге әскери қызмет барысында әр сарбазбен міндетті түрде жеке психологиялық әңгімелесу жүргізу қажет. Әсіресе қызметтің алғашқы айындағы бейімделу кезеңінде мұндай сұхбаттардың маңызы ерекше болады. Бұл сарбаздың психологиялық ахуалын бақылауға ғана емес, қызмет барысында туындауы мүмкін мәселелердің алдын алады. Әскери қызметшінің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы ретте мерзімді әскери қызметшілерге лайықты қаражат төленсе дейміз. Содан кейін олар нақты бір әскери мамандықты меңгеріп шықса. Бұл – олардың еңбегін бағалау және әскери қызметтің әлеуметтік мәртебесін арттыру болмақ.Сарбаздардың қауіпсіздігіне қатысты тағы бір маңызды қағида –

жауапкершіліктің екіжақты болуы. Әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі үшін командир мен әскери басшылық жауапты екені түсінікті. Сонымен бірге сарбаздың өзі де әскери тәртіпті сақтап, қауіпсіздік талаптарын орындауға жауапкершілікпен қарауы керек.

 

Гүлжанат ИМАНҒАЗИНА,

қала тұрғыны:

— Ұл өсіріп отырған ана ретінде қорғаныс саласында екі мәселеге түбегейлі қарсымын. Біріншісі — әскер жасына енді толған азаматтарды көшеден ұстап алып кету. Әскер өмірінен бейхабар, енді ғана үлкен өмірге қадам басқан жас жігіт үшін мұндай жағдай үлкен психологиялық соққы болуы мүмкін. Отан алдындағы борышын өтеу —

қорқытып немесе күшпен емес, заң аясында, адамдық қадір-қасиетін сақтай отырып жүзеге асуы керек.

Екіншісі — әскердегі әлімжеттік пен күш қолдануды тоқтату. Баласын тоғыз ай көтеріп, мәпелеп өсірген қай ана оны қорлық пен қатыгездік бар ортаға алаңсыз жібергісі келеді? Біз әскерге барудан жалтаруға шақырып отырған жоқпыз. Керісінше, балаларымызды өз елі мен жерін қорғауға шақырамыз, сол жолда тәрбиелейміз. Бірақ, әрбір ер азамат өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге қорқынышпен емес, құштарлықпен барса дейміз. Күш қолдану арқылы емес, өз еркімен аттанатындай жағдай жасаса дейміз. Ол  үшін жүйедегі олқылықты шешу керек. Айтпағым, әскери өмір жас жігітті қорлайтын немесе қорқытатын емес, шыңдайтын, тәртіпке үйрететін, азамат ретінде қалыптастыратын орта болуы керек.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.