Жақында наурыз айында басталған көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Павлодар облысынан мерзімді әскери қызметке 766 сарбаз аттанды. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыс бойынша 1 572 адам іздестірілуде. Оның басым бөлігі облыс қалаларына тиесілі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Кәрімов әскери қызмет өткеруден жалтарған азаматтар үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін атап өтті.

– Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндет негізінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жеке құрамын жасақтауға бағытталған шаралар кешені. Конституцияның 36-бабында Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып айқындалған. Биыл Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметіне қажет нарядты асыра орындадық. Атап айтсақ, жоспар бойынша ҚР Қарулы Күштеріне наряд саны 292 адам болса, шақырылғаны – 305 адам, ҚР Ұлттық ұланының нарядына 290 адам болса, шақырылғаны – 297 адам. Сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметіне де тапсырманы межеден аса орындадық, – деді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Екібастұз қаласы мен Баянауыл, Павлодар, Шарбақты аудандарының әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарын толық көлемде орындамағанын айтты. Оның сөзінше, тек соңғы кезде Екібастұз қаласында кезең-кезеңімен жоспарды орындау бойынша оң динамика байқалады.

– Әскерге шақыру науқанының бүкіл кезеңінде қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары – әскерге шақыру комиссияларының төрағаларымен, медициналық комиссия өкілдерімен, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, полиция департаментінің басшылығымен, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлерімен бірлесіп «2023 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының ағымдағы жағдайы» тақырыбында ұйымдастырушылық-жұмыс кеңестері өтті. Онда колледж түлектерінің мемлекеттік емтихандарды мерзімінен бұрын тапсыруы туралы мәселелер жеке талқыланды. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарына конкурссыз түсу және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін 13 ай мерзімге кредиттік демалыс беру мәселесі пысықталды, – деді басқарма басшысы.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.