Павлодар облысы полициясының қызметіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиімді және сапалы шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 20 «SOS» дабыл батырмасы орнатылды.

Облыстық полиция департаменті Жедел басқару орталығының бастығы Ренат Шамғұнов 2023 жылы осы құрылғы арқылы полицияға әртүрлі сипаттағы 26 өтініш түскенін мәлім етті. Негізінен арыз-өтініштердің басым бөлігі – жол ережесін бұзуға, көлікті тұраққа дұрыс қоймау, балаларды іздестіруге, мүлікті ұрлауға қатысты болды.

– Мемлекет басшысының ішкі істер органдарын цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Павлодар қаласында 2021 жылдан бері «SOS батырмасы» жұмыс істеп тұр. Бұл – көшелерде, қоғамдық орындарда орнатылған, бейнекамерамен, динамикпен, микрофонмен және полицияға хабарласу үшін тікелей батырмамен жабдықталған шұғыл қоңырау құрылғысы. Аталмыш батырмадан келген сигнал дереу әрекет ету шараларын қабылдау үшін жедел басқару орталығына түседі. Мысалы, 2023 жылдың қараша айында полиция операторына осындай батырма арқылы қоңырау түсті. Ер адам Торайғыров мекенжайындағы дүкеннің жанында ер адамдар алкогольдік ішімдік ішіп, төбелес шығарып жатқанын айтты. ЖБО инспекторы бұзушылықты жедел тіркеп, оқиға орнына автопатруль жіберді. Полиция тәртіп бұзушыларды уақытша ұстау орталығына жеткізді, – деді орталық басшысы.

Сондай-ақ, Ренат Шамғұнов қаңтар айында Павлов көшесіндегі мекенжай бойынша телефонын ұрлатып алған әйел азамат дабыл батырмасын басып, көмек сұрағанын жеткізді. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері аталған учаскені аралап, көп ұзамай ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады.

– Егер Сіз мас күйінде біреудің көлік жүргізіп бара жатқанын көрсеңіз, қылмыстың немесе қандай да бір құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, күдікті адамды байқасаңыз, дереу полицияға хабарлауға шақырамыз. Бұл құрылғылар азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын барынша толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті тәртіп сақшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.