Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейд жүргізеді. Тәртіп сақшылары кезекті патрульдеу кезінде көлік жүргізуде күдік тудырған «Тойота Камри» көлігін тоқтатты. Жүргізуші автобикеш медициналық куәландырудан өтуден бас тартты.

Павлодар облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафиновтың сөзінше, полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін автобикеш жауапқа тартылды. Сотта жүргізушінің асырауындағы кәмелетке толмаған балалары ескерілді. Сот шешімімен жүргізуші сегіз жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылды.

– «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер 3000-ға жуық жол жүру ережелерін бұзудың жолын кесті. Оның 39-ы мас күйінде көлік жүргізді, 854 жүргізуші жылдамдық режимін бұзды, 389-ы қауіпсіздік белдігін тақпады, 334 жаяу жүргінші белгісіз жерде жолдарды кесіп өтті. Өз кезегінде 146 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеді. Барлық құқық бұзушылар жазаланды, – деді Қ.Мұстафинов.

А.МҰҚЫШЕВ.