Жол полицейлері «Volvo» маркалы жеңіл автокөлікті тоқтатқан кезде,  «Цамбо» есімді иісшіл ит темір тұлпардың алдыңғы бөлігін тырналап көрсеткен. Тінту кезінде мамандар электр таспасына оралған қорапты ашып, онда гашиш жасырылғанын анықтады. Есірткінің иісін ит сезбесе, мамандардың аңғаруы екіталай еді.

 

Аймағымызда қоғамдық тыныш-тықты сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алуда полицейлермен қатар қызметтік иттердің де еңбегі орасан. Тіпті, инновация дамыған елдердің өзінде де мамандар иттердің
көмегіне жиі жүгінеді.

Өткен жылы төрт аяқты сақшылардың көмегімен 400-ге жуық қылмыстың беті ашылған. Кинология қызметі орталығындағы көмекшілер есірткі саудасының
жолын кесіп қана қоймай, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеп, заңсыз әрекетке барған қылмыскерлерді қолға түсіруде.

Қазіргі уақытта кинология қызметі орталығында 28 қызметтік ит бар. Олардың 12-сі аудандарға бөлінген. Павлодар қаласындағы 16 итке екі кинолог жауапты. Жақында мамандар саны тағы екі кинологпен толықпақ. Облыстық полиция департаменті кинология қызметі  орталығының басшысы Нияз Валиевтің айтуынша, төрт аяқты көмекшілерді жұмысқа баулуда кинологтардың еңбегі орасан. Иттер түрлі бағыт бойынша жұмыс істеуге жұмылдырылады. Мәселен, жоғалған адамдарды табу, жарылғыш заттарды анықтау, ғимаратты қорғау, есірткінің жолын кесу сынды қылмыстардың алдын алады.

– Қызметтік иттер Алматыдағы кинология орталығынан әкелінеді. Бір ит 8-10 жылға дейін жұмыс істеуге қауқарлы.  Біздің мекеме 2014 жылы ашылған. 10 жыл
ішінде өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, демалысқа шыққан төрт аяқты көмекшілеріміз бар. Оларды көп жағдайда иелері алып кетеді.

Жедел-іздестіру шарасы кезінде әрбір кинологтың қызметтік иті кез келген бұйрықты орындауға дайын болуы тиіс. Бұл ретте маман-дардың еңбекқорлығы, шебер-лігі  мен шыдамдылығын ерекше атап өту қажет. Себебі иттердің қызметтегі жетістігі оны баптаған иесіне тікелей байланысты. Жыл басынан
бері төрт аяқты сақшылар 23 қылмыстың бетін ашты. Оның ішінде есірткі саудасының жолы кесіліп, ұрлық, тонау сынды қылмыстарға жол берілмеді, – дейді
Н.Валиев.

Ал былтыр иттердің көмегімен 140 килограмм есірткінің заңсыз айналымға  түсуіне тосқауыл қойылды. Бұл ретте жоғарыдағы «Цамбо» есімді көмекшіні ерекше атап өту керек. Қылмыскердің бірқатарын осы ит ұстап берген.

Кинология қызметіндегі иттердің көпшілігі – неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадор және  спаниель тұқымы да бар.   Нияз Валиев кинологтардың қызметі итке таңғы ас беруден басталатынын айтады. Одан кейін түрлі жаттығу орындайды. Оларға иісті ажыратып, оны шатастырмаудың жолы үйретіледі. Иттерді бейімдеуде ойын әдістерін пайдалану тиімді. Команданы неғұрлым көп орындаса, соғұрлым әр нәрсеге тез машықтанады.

– Тәжірибеден өтіп, шыңдалған иттер иісті ешқашан шатастырмайды. Мысалы, қылмыс орын алған жерде күдіктінің қолғабы, ұялы телефоны сынды бір заты қалып қоюы мүмкін. Күдікті өзіне тиесілі затты мойындамайтыны ақиқат. Осы сәтте иісшіл иттер көмекке келеді, – дейді Н.Валиев.

Полицейлердің айтуынша, қызметтік иттер бір иісті бес жылға дейін ұмытпайды. Тіпті, 11 млн иіске дейін ажырата алады. Адаммен салыстырғанда сезу қабілеті 10 мың есе жоғары. Құқық қорғау қызметкерлері технология дамыған заманда қылмыскерді құрықтап, лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте иттердің көмегіне көп жүгінеді. Олар иелерінің тапсырмасын орындап, талай қылмыскерді құрықтауға көмектесті. Төрт аяқты сақшылардың қызметі сонысымен де қиын, сонысымен де қызық.

Айдана ҚУАНЫШЕВА