Облыс орталығындағы №5512 әскери бөлімінде әскери қызмет-шілер үшін модульдік үлгідегі төрт заманауи казарма ашылды. Енді жедел полктің сарбаздары жаңа модульдік ғимараттарда тұрады. Әр казарма 100 сарбазға арналған. Жауынгерлердің жаңа тұрғын үйлері жас сарбаздармен қатар, ата-аналардың да көңілінен шықты.

Жаңа модульдік казармалардың ашылу салтанатына ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев пен өзара іс-қимыл органдарының өкілдері арнайы қатысты. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов аталған ғимараттар қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен толық қамтылғанын атап өтті.

– Бұл сарбаздарға деген ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қамқорлығы деп білгейсіздер. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері әрқашан жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғайды. Осы бағытта абыройлы қызмет ете беріңіздер. №5512 әскери бөлімінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жедел мақсаттағы батальон ғана емес, сонымен қатар, арнайы мақсаттағы бөлімшелер де бар. Мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді ол.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Светлана Шин және «Нұр-Ана» қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Талжібек Атамбек қатысып, сөз сөйледі. «Аналар жүрегі» комитетінің жетекшісі Лилия Хайруллинаның айтуынша, казармалар сапалы салынған және ата-аналардың көңілінен шықты. Әр казарма 100 солдатқа шақталған. Атап айтқанда, модульдік казарма кезекші бөлмелер, демалуға, оқ-дәрілерді, қаруды сақтауға, қаруды тазартуға, жеке броньды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдарын сақтауға арналған бөлмелерден құралған. Сондай-ақ, жауынгерлер үшін демалыс, жатын, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап, жаттығу залы, жауынгерлік дайындық сыныбы, спорттық зал, қойма, автотехниканы сақтау бокстары қарастырылған.

– Балаларымыз енді заман талабына жабдықталған модульді казармаларда тұрады. Ғимаратты аралап шықтым. Жас сарбаз-дардың озық техникалармен жабдықталған осындай тамаша казармада тұратынына қуанып отырмыз. Ғимараттың іші жылы, жайлы. Осындай заманауи казармалар сарбаздардың Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп шығуы үшін ашылды, – дейді Л.Хайруллина.

Жауынгерлерге арналған жаңа тұрғын үйлердің ерекшелігі көп. Жас сарбаздар да модульдік казарманың көңілдерінен шыққанын атап өтті.

– Бір қабатты жаңа казармада бізге барлық жағдай жасалған. Күнделікті тыныс-тіршілігімізге қажетті заттардың бәрі бар. Бұл жерде спорттық дайындықтар да жасай аламыз. Сабақ өткізуге арналған сыныптар да кең. Сондықтан бізге алаңдаулы ата-аналарымыз бен бауырларымызға жағдайымыздың жақсы екенін жеткізгім келеді, – деді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрлан Тәжі.

Айта кетейік, №5512 әскери бөлімі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 23 қазан-дағы қаулысымен Павлодар қаласында жеке арнайы моторлы милиция батальоны ретінде жасақталған. Ал 2021 жылдың 9 желтоқсанында батальон полк болып қайта құрылды. №5512 әскери бөлімінің 200-ден аса әскери қызметшісінен тұратын жеке құрамы Павлодар қала-сында 80 жаяу патрульдеу маршруттарында және 6 автомобиль маршруттарында қызмет атқарады. Полктің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылының негізгі бағыттары – ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге қатысу, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ, төтенше және соғыс жағдай-ының құқықтық режимдерін қамтамасыз етуден тұрады. Бұдан бөлек, терроризмге қарсы операцияларға, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларға қатысады.

А.МҰҚЫШЕВ.