Photo Valeriy BUGAYEV

Бір апта дересінде өңірдегі бір қала мен екі ауданның әкімі тағайындалды. Аймақ басшысы Асайын Байханов аудан-қала тізгінін қолға алған әкімдердің алдына жаңа міндеттер қойды.

Өткен аптада облыс әкімі Асайын Байханов Ақс

у қаласы активінің отырысында қаланың жаңа әкімін таныс-тырды. Алдымен аймақ басшысы Нұрлан Дүйсенбиновке қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

— Нұрлан Шайхсләмұлы 2022 жылдың наурыз айынан бастап Ақсу қаласының әкімі қызметін атқарды. Осы уақыт аралығында қалада 524 пәтерлі 5 үй салынып, 40-тан астам көше жарықтандырылып, 6 ауылдық округте су құбырлары жаңғыртылды. Жағажай аумағы абаттандырылып, Ақсу қалалық ауруханасын ауданаралық орталық ауруханаға айналдыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, «Ақсумолл» сауда орталығы ашылды, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Ақсу қалалық мәслихатының келісімімен Ақсу қаласының әкімі лауазымына Болатбек Шәріпов тағайындалды.

Болатбек Шәріпов 1973 жылы Ертіс ауданының Заречное ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. 2008 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Ертіс ауданында бөлім басшысынан аудан әкіміне дейінгі жолдан өтті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Асайын Байханов Ақсудың облыс экономикасын дамытуда маңызды орынға ие екенін әрі өңірдің өнеркәсіп көлемінің шамамен 25 пайызы осы қалаға тиесілі екенін атап өтті.

— Жақында Ленин көшесіндегі магистральдік жылумен жабдықтау желілерінде ақау орын алды. Салдарынан 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй және 50 жеке үй жылусыз әрі ыстық сусыз қалды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін алдын ала шаралар қабылдау қажет. Жаңа қазандықты іске қосу туралы мәселені соңына дейін аяқтау керек. Өздеріңіз білетіндей, Ақсу қаласында аяқталмаған құрылыс нысандары, оның ішінде Алғабас, Жолқұдық, Пограничник, Еңбек ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Ақсу қаласындағы мұз аренасының құрылысы бар. Осы мәселелермен айналысып, барлық нысанды пайдалануға беру керек, — деп тапсырды А.Байханов.

Меритократия қағидаты бойынша және ҚР Президенті Әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен Нығман Жүсіпов Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалды. Аймақ басшысы Асайын Байханов бұған дейін ауданға жетекшілік еткен Болатбек Шәріповтің еңбегін атап өтті.

— Ертіс ауданы — астық және егіс алқаптары бойынша көшбасшылардың бірі. Ауданда 3 облыстық және
6 кіреберіс жол, 17 көше асфальтталып, 3 су құбыры салынды. Қостомар ауылындағы көпір, балалар музыка мектебі мен 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, аудан орталығында спорт кешені салынып, 10-нан астам балалар мен футбол алаңы жабдықталды, — деді облыс әкімі.

Ал оның орнын бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нығман Жүсіпов басты. Нығман Мүтәләпұлы 1978 жылы Ертіс ауданы Северное ауылында дүниеге келген. 2 жоғары білімі бар. Еңбек жолын туған ауданында тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылдан асады. 2020 жылдан осы уақытта дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

— Суармалы жерлердің көлемін одан әрі ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Ол үшін сізде үш жақсы жоба бар: «Ертіс», «Три К», «Санжар». Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялар көлемі бойынша аудан екінші орында келеді. Инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша істерді жалғастыруды жүктеймін, — деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, келесі жылы «Западное» ШҚ ет өңдеу кешенін және Ертіс ауылындағы сауда орталығын пайдалануға беру қажет. «Ауыл — ел бесігі» жобалары, 40,7 шақырым жолды асфальттау, шалғайдағы 9 ауылға интернет тарту мәселелері де бақылауда болмақ.

Ал Павлодар ауданының әкімі қызметіне Дидар Ибраев тағайындалды. 2023 жылдың қаңта-рынан бастап ауданға жетекшілік еткен Николай Дычко өз еркімен қызметінен босатылды. Облыс әкімі Асайын Байханов осы уақыт ішінде қол жеткізген нәтижелерді атап өтті. Олардың қатарында Қаракөл және Богдановка ауылдарында орталық су құбырының салынуы, Чернорецк ауылындағы су құбырының қайта жаңартылуы, 11 шақырымнан астам кіреберіс жолға асфальт төселіп, әлеуметтік осал топ өкілдері үшін 23 үйдің сатып алынуы сынды істер бар.

— Сычевка ауылында апатты жағдайда болған мектептің орнына жаңа мектеп салынып, 2 мектеп, 3 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Аудан тарихы мұражайы ашылып, балалар алаңдары мен шағын футбол алаңдары орнатылды, — деді аймақ басшысы.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, өңір басшысының өкімімен Павлодар ауданының әкімі болып Дидар Ибраев тағайындалды. Дидар Елубекұлы 1992 жылы Железин ауданында дүниеге келген. 2014 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық органында бастаған. 2015 жылдан бастап ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің атқарушы және басшылық лауазымдарында қызмет атқарды. 2018 жылдан бастап жергілікті атқарушы билік органдарында еңбек етеді. 2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. Дидар Елубекұлы — президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, 2020 жылы «Үздік мемлекеттік қызметші» атағын алды.

Асайын Байханов облыстың ең ірі аудандарының біріне тағайындалған жаңа басшының алдына бірнеше міндет қойды.

— Ауданда инвестиция тарту әлеуеті жоғары. Алайда, АӨК, әлеуметтік және туристік салаларға, өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту жұмыстары өте төмен деңгейде. Сондықтан инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандыру қажет, — деп тапсырды аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Павлодар ауданының әкімдігі 10 айдың қорытындысы бойынша тиімділік рейтингінде аутсайдер болып тұр.

— Биыл ауданның кейбір мемлекеттік қызметшілері тікелей функционалдық міндеттерін орындаудың орнына сотты жағалап кетті. Бұл мемлекеттік қызметшілердің халық алдындағы сенімі мен беделіне нұқсан келтіреді. Бүгінгі таңда ауданда 9 бос жұмыс орны бар. Бизнес-процестерді дұрыс құрып, қолда бар бос жұмыс орындарына конкурстар жариялау қажет. Кадр саясаты нақты тұжырымдалып, барлық қызметкерлер үшін ашық болуы керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, мәселе туындаған нысандармен айналысу қажет. Олардың қатарында Кемеңгер ауылындағы денешынықтыру сауықтыру кешені, Заңғар мектебіне шағын орталыққа арналған қосымша ғимараттың құрылысы бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.