Өткен жексенбіде Павлодар қаласына қарасты қос елді мекен – Атамекен кенті  мен Павлодар ауылында әкім сайлауы өтті. Ауыл тұрғындары алдағы 4 жылда елді мекенге ие болып, оны дамытуға ден қоятын әкімдерін таңдап алды.

 

Павлодар қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Атамекен кентінің әкімі атануға үш үміткер сайлауғатүскен. Олар — Мунира Дюсембекова, Асхат Омаров және Алмат Рахимтай. Аталмыш елді мекенде жалпы сайлаушылардың саны — 6716 азамат. Олардың ішінен 1292 адам сайлау учаскелерінде дауыс беруге қатысса, 101 азамат учаскеден тыс аумақтарда дауыс берген. Осы дауыстың 646-сын Мунира Сапарқызы иеленген. Тұрғындардың 477-сі Асхат Омаровты таңдаса, 54 дауыс Алмат Рахимбайға берілген. Ал 46 бюллетеньге «барлығына қарсы» белгісі қойылыпты. Осылайша, Мунира Дюсембекова Атамекен кентінің әкімі атанды. Ол бұған дейін аталмыш елді мекен әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Павлодар ауылының азаматтары да саяси науқанға қатысып, өз таңдауларын жасады. Бұл ауылда сайлаушылар тізімінде 4281 азамат бар. Дауыс беруге 1224 сайлаушы қатысқан. Ал 75 тұрғын дауыс беру учаскелерінен тыс аумақтарда таңдау жасапты.

Ауыл әкімінің сайлауына екі үміткер түсті. Бірі – Ильяс Татыбаев, екіншісі – Аманбек Ұнат. Алғашқыларына ауылдықтардың 256-сы дауысын берсе, 755 тұрғын екінші үміткерді таңдаған. 179 азамат «барлығына қарсы» екенін білдірген. Дауыс беру қорытындысы бойынша Аманбек Ұнат Павлодар ауылының әкімі болып сайланды. Айта кетейік, ол бұған дейін Павлодар қаласының мансап орталығын басқарды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.